Мұқағали МАҚАТАЕВ: Әйелдердің мерекесі екен ғой

4389
Adyrna.kz Telegram
фото авторы: Қуанышбек Қари
фото авторы: Қуанышбек Қари

Әйелдердің мерекесі екен ғой!

Бүгін далам күндегіден бөтен ғой,
Бүгін ғалам жылылыққа мекен ғой.
Бар сұлулық неге тұнып тұр десем,
Әйелдердің мерекесі екен ғой.

Бүгін жырым төгіліп тұр нөсердей,
Жазылмаса жанды жарып кетердей.
Қалам неге ала қашып тұр десем,
әйелдердің мерекесі екен ғой .

Есірікте отыр кеуде көтермей,
Науқасың да үнсіз жатыр жөтелмей.
Мынау тірлік кімге иіліп тұр десем,
Әйелдердің мерекесі екен ғой .

Әуелі иті үрмей қалды ауылдың,
Сәлемі де түзеліпті бауырдың.
Бар шаттықтың кілті қайда десем мен,
Қолында екен әйел деген қауымның.

Аязда жоқ жанды қарып кетердей,
Көктем келді жаның еріп кетердей.
Тірлік неге жарды десем бүршігін,
Әйелдердің мерекесі екен ғой.

Жаным бүгін жайлауына көшердей,
Көңіл күлді түйіншегін шешердей.
Кеттім десем неге сонша шешіліп,
Шешелердің мерекесі екен ғой.

Шыртылдаушы ек бұрын сөзді көтермей,
Бүгін мінез бал аралас шекердей .
Жаным неге нәзік тартып тұр десем,
Нәзіктердің мерекесі екен ғой.

Әйелсіз үй әйелсіз күн бекер ғой,
Әйелменен әлем сұлу екен ғой.
Адам біткен аңсап жүрген жылылық,
әйелдердің қабағында екен ғой.

Сөйлеңдерші әйелге ашу көтермей,
Бүгін,міне, мерекесі екен ғой.
Әйел кім деп ақылсыз сөз бастама,
Бірі қызың, бірі жарың, ал біреуі шешең ғой.

Мұқағали МАҚАТАЕВ

Пікірлер