Шабуылдан кейін. Берденов Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кетті

1080
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/oz2QxoPPKOeFokoqA2XMYjG30mAUNkpKxw7jhaBa.webp

Бұрынғы Мәжіліс депутаты, қазіргі Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кетті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Берденов бұл шешімнің бірқатар объективті себептерге байланысты қабылданғанын атап өтті.

«Біріншіден, белгілі болғандай, қазіргі уақытта мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келемін. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметті саяси партиядағы жетекшілік қызметпен қатар алып жүруге жол берілмейді. Мен заң талаптарын құрметтеймін және оны қатаң сақтаймын.

Екіншіден, партияның ішкі қағидаттарына сәйкес, партия мүшелері мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқара алмайды. Біз саяси үдерістерге қатысу партия ішіндегі билік құрылымымен араласпауы тиіс деп санаймыз.

Үшіншіден, қазіргі таңда өз денсаулығымды қалпына келтіруге баса назар аударып жүрмін. Мен әрдайым жұмысыма жоғары жауапкершілікпен қарап келдім, бұдан кейін де мемлекеттік қызметтегі лауазымымды өз деңгейінде атқаруым керек. Сондықтан да дәл қазір өзімді жақсы сезіну үшін күш-қуатымды соған салудамын»,—деді ол.

Шенеунік Respublica командасына зор табыс тілеп, бірге жұмыс істеген әріптестеріне алғыс айтты.

Ол биыл 24 ақпанда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған еді. 26 ақпан күні Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Руслан Берденовтің депутаттық өкілеттігі тоқтатылғаны белгілі болды.

Еске салайық, 22 сәуірге қараған түні Шымкент әкімінің орынбасарына шабуыл жасалған болатын. Күдікті  шенеунікке «Сайга-12» аңшы мылтығынан үш рет оқ атқан. 12 мамырда Руслан Берденов ауруханадан шықты. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Пікірлер