Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайтарылған активтер есебінен қандай ғимараттар салынғанын айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ресми деректерге сүйенсек, 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекетке жалпы сомасы 1,15 трлн теңгеден астам көлемде мүлік активтері мен қаржыны қайтаруды қамтамасыз еткен.
Қайтарылған активтер қатарына бизнес-орталықтар, әкімшілік ғимараттар, сауда орындары, тұрғын үйлер, пәтерлер, құрылысы толық аяқталмаған нысандар, жер учаскелері, люкс санатындағы автокөліктер және қаржылық қаражаттар кіреді.
Антикордың мәліметінше, Алматы қаласында «Maisat» бизнес-орталығы «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ меншігіне берілген;
құны 7,9 млрд теңгеден асатын «KaisarTower» бизнес-орталығы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің иелігіне тапсырылған;
құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының балансына берілген;
Астанада құны 5 млрд теңгеден асатын 3 жеке үй Астана қаласы әкімдігінің мүгедектігі бар балаларға арналған «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ-ге берілген.
"Сонымен қатар Білім инфрақұрылымын қолдау қорының жұмысы бақылауда тұр, оның арнайы шотына 153,3 млрд теңге (немесе 329 млн доллар) аударылған. Қордың қаражаты есебінен барлығы 100 мың оқушы орындық 89 мектептің құрылысы қаржыландырылған. Оның ішінде 61 мектеп пайдалануға берілген, ал 2025 жылы тағы 28 жаңа мектеп салыну көзделген", - делінген хабарламада.