21 шілде - «Алаш» партиясын құру шешімі қабылданған құрылтай басталған күн, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Осыдан 108 жыл бұрын Орынборда I жалпықазақ съезі өтті. Оған Оған Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Жетісу, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан 20-ға жуық өкіл қатысты.
Съезге Халел Досмұхамедов төрағалық етті. Ахмет Байтұрсынов төрағаның серіктесі, Міржақып Дулатов пен Асылбек Сейітов хатшылары болып бекітілді.
Съезге жиналғандар сол кезеңдегі қазақ қоғамы үшін аса маңызды деген 14 мәселені талқылауға ұсынды. Соның ішіндегі ең бастысы «Алаш» партиясын құру туралы шешім болды. Съезд қабылдаған қаулыға сәйкес, құрылатын бұл партия демократиялық қағидаттарға негізделген, парламенттік жүйені ұстанатын, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғауды мақсат еткен саяси ұйым болуға тиіс еді.
Партияны құру ісі Әлихан Бөкейханның жетекшілігімен басталып, алдымен оның аймақтық бөлімшелері ұйымдастырыла бастады. Бөкей ордасынан бастап Жетісу, Ферғана мен Әмудария аймағындағы қазақ уездері, Каспий маңы мен Алтай губерниясына қарасты өңірлер түгелдей қазақ-қырғыз автономиясының құрамына енгізілді.
Партияның бағдарламалық жобасы 1917 жылы «Қазақ» газетінде жарияланып, халыққа таныстырылды.
Осылайша, тәуелсіздік пен бостандық идеясы ұлт үшін маңызды қадамдарға жол ашып, жаңа дәуірдегі мемлекеттіліктің негізін қалады. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, Қазақстан Алаш ардагерлерінің арманына адалдық танытып, ел дамуы мен кемел болашақ жолында сенімді түрде алға басып келеді.