Қазақстандық оқушылар халықаралық биология олимпиадасында төрт қола жеңіп алды

1690
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/TRn7SY51uDlWOFH1CHF4uEYvSi1u5X0lINpgGg6J.jpg

Қазақстандық оқушылар биология пәні бойынша әлемдегі ең беделді зияткерлік дода – IBO-2025 Халықаралық биология олимпиадасынан төрт қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Олимпиада биыл Филиппинде өтті.

80 елден 320-дан астам дарынды жас қатысқан бұл сайыста Қазақстан құрамасының барлық мүшелері жүлделі болып, 100 пайыздық командалық нәтиже көрсетті.

Қола медаль иеленген оқушылар қатарында Павлодар облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ерсултан Қайыркен, Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Батыр Ержанұлы, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Айғаным Балташева және Алматы қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы Алихан Ашырханов бар.

Командаға ғылыми жетекшілік еткен – отандық жас биолог-ғалымдар Лейла Асқарова мен Ильяс Сакимов.

Олимпиада екі негізгі кезеңнен тұрады: теориялық бөлімде қатысушылар молекулалық және жасушалық биология, генетика, экология, эволюция және биожүйелеу салалары бойынша күрделі тапсырмаларды орындады. Ал практикалық бөлімде зертханалық жұмыстар, микроскопия, үлгілермен жұмыс істеу және биологиялық процестерді талдау секілді нақты тәжірибелік дағдылар сыналды.

Қазақстан 1994 жылдан бері IBO олимпиадасына тұрақты түрде қатысып келеді. Осы уақыт аралығында ұлттық құрама 2 алтын, 18 күміс, 56 қола медаль және 12 құрмет грамотасын жеңіп алған.

 Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан бұл беделді олимпиаданы өз елінде өткізіп, тағы да 100 пайыздық нәтижеге қол жеткізген болатын.

Пікірлер