Бүгін қазақ-қырғыз жастар форумының аясында Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметіне арналған деректі фильмнің таныстырылымы өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол туындыда ғалымның қырғыз халқының тарихы мен этнографиясын тереңірек тануға қосқан зор үлесі, сондай-ақ «Манас» эпосын насихаттаудағы рөлі кеңінен баяндалатынын атап өтті.
«Белгілі болғандай, әлемге танымал «Манас» эпосы – қырғыз халқының рухани қазынасы. Алайда оны алғаш рет хатқа түсіріп, кең аудиторияға ұсынған тұлға – көрнекті қазақ ғалымы, этнограф Шоқан Уәлиханов еді. Менің ойымша, оның тағы бір маңызды еңбегі – «Ыстықкөлге сапар күнделігі». Бұл шығарма – қазақ пен қырғыз халықтарының ғылымдағы, руханияттағы бірлігінің айқын ғылыми куәлігі»,—деді министр.
Сондай-ақ Аида Балаева Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұловтың қатысуы іс-шараның мәртебесін одан сайын арттыра түскенін атап өтті.
«Тағы бір қуантарлығы – біздің елдердің жастары мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты тереңдетіп, нығайтатын – дәл осындай ұлы тұлғалар екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді»,—деп толықтырды ол.
Айта кетейік, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен барған болатын.