Тәуелсіздік күні қарсаңында. Өзбекстан президенті саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

1711
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AIGcZCbtx0Gk0sWbaucznCYhdHb2FDVnvPRk8RIG.jpg

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев репрессия құрбандарын еске алу күніне арналған салтанатты шараға қатысты. Іс-шара Ташкенттегі «Шахидлар хотираси» аллеясында өтті. Бұл туралы Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Бұл жерде мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, зиялы қауым мен ардагерлер бас қосты. Қаза тапқандардың рухына Құран сүрелері оқылып, ас берілді.

«Біз жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында Отан еркіндігі жолында жанын қиған ата-бабаларымыздың рухына дұға бағыштаймыз. Олардың ерлігі мен жанқиярлығы – біз үшін әрдайым үлгі болып қала береді», – деді Өзбекстан президенті.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, репрессия жылдары 100 мыңнан астам жазықсыз азамат қуғын-сүргінге ұшырап, көбісі ату жазасына кесілген немесе алыс аймақтарға жер аударылған. Бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, бұл қайғылы оқиғалардың ел жадындағы ізі әлі де өшкен жоқ.

Мирзиеев соңғы жылдары Өзбекстанда ата-бабалар рухын ұлықтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. 1200-ден астам қуғын-сүргін құрбаны ақталып, «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» музейі жаңғыртылып, мыңдаған жаңа құжаттармен толықтырылды. Мұндай музейлер елдің басқа аймақтарында да ашылып жатыр. Президент биыл жәдидшілер қозғалысының жетекшісі Махмұдходжа Бехбудидің туғанына 150 жыл толатынын атап өтіп, Бұхарада жәдидтер мұрасы жөніндегі Мемлекеттік музей құрылып жатқанын айтты.

Мирзиеев жәдидтердің ағартушылық қызметіне ерекше тоқталды. Олар көптеген салада жаңашыл болған: алғашқы өзбек романдарын, театр және кино шығармаларын, түрлі пәндер бойынша оқулықтар жазған. Егер 1920-жылдары Германияда білім алған Түркістан жастары қуғын-сүргінге ұшырамағанда, олар қоғамды түбегейлі өзгертуі мүмкін еді.

«Тарихты халыққа, әсіресе жастарға "тірі" күйінде жеткізу маңызды. Өткен жылдан бастап қазан айының бірінші аптасы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу апталығы ретінде атап өтіледі. Биыл бұл Апта – есте сақтау және тәрбие апталығы форматында өтуде. Біз оны мазмұнға бай етіп, әр азаматқа қолжетімді етуіміз керек: мектептер мен жоғары оқу орындарында арнайы сабақтар, телебағдарламалар, жастарға арналған байқаулар өткізу қажет», – деді Мирзиеев.

Сондай-ақ, 29 тамызда мемлекет басшысы «Жаңа Өзбекстан» саябағына барып, Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қойды.

Президенттің баспасөз қызметі атап өткендей, бұл ескерткіш Өзбекстан тарихындағы көне дәуірден қазіргі күнге дейінгі маңызды оқиғаларды, ұлы ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерінің бейнесін бейнелейді. Оның төбесінде елтаңбадағы Хумо құсы бейнеленген — бұл халықтың асқақ армандары мен ұлт құндылықтарының символы.

Гүл қою рәсіміне парламенттің қос палатасының депутаттары, Президент әкімшілігінің қызметкерлері, үкімет мүшелері мен Ташкент қаласының жұртшылығы қатысты.

Пікірлер