"Жәнібек хандікі болуы мүмкін". Ақмолада төре әулетіне тиесілі сүйек қайта жерленді

682
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/NUFxrEtVm6VjEbPyranfRqGlR1a1hvUBsOzLGpvW.webp

Ақмола облысы Қорғалжын ауданында Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жәнібек ханның сүйегі деп топшыланған мәйіт қайта жерленді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Orda.kz-сілтеп.

Тарихи маңызы зор рәсімге ғалымдар, тарихшылар, этнологтар мен археологтар қатысты.

Әкімдік мәліметінше, 10 қыркүйекте сүйекті қайта жерлеу жұмыстары Қорғалжын ауданы әкімдігі мен мәслихаты, облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жүзеге асқан. Рәсім мұсылмандық дәстүр бойынша өтіп, Құран бағышталып, құрбандық шалынды.

Жәнібек хан сүйегінің табылу тарихы 2018 жылдан бастау алады. Ол кезде Жәнібек-Шалқар көлі маңынан хандық белгілері бар көне кірпіштер табылған. Кейінгі археологиялық қазбалар кезінде бірнеше адамның сүйектері мен Алтын Орда дәуіріне тиесілі жәдігерлер шыққан. ДНҚ сараптамаларының нәтижесінде бір сүйек XV ғасырдағы төре әулетіне тиесілі екені 99,9% дәлдікпен анықталды. Ғалымдар бұл сүйек Жәнібек ханға тиесілі болуы мүмкін деп отыр.

Сонымен қатар, Қорғалжын ауданының әкімі Алмас Алин тағы бір маңызды дерекпен бөлісті. Оның айтуынша, XVI-XVII ғасырдағы Ресей картасы негізінде Қорғалжын аумағынан «М-Керей» деген жазуы бар жер табылған. Зерттеулер нәтижесінде бұл орын Керей ханның жерленген жері болуы ықтимал. Қазір ғалымдар мен жергілікті билік өкілдері зерттеу жүргізу үшін министрлікке ресми хат жолдауға дайындалып жатыр.

Мамандар бұл оқиғаны республикалық деңгейдегі тарихи жаңалық деп бағалап отыр.

Пікірлер