Семей және Өскемен қалаларында салынатын жылу электр орталықтарының (ЖЭО) құрылысына халықаралық компаниялар қатысуы мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Көкшетау жылу электр орталығының құрылысы бойынша келісімшартқа қол қойылып, жобаны Қазақстан-Қытай консорциумы жүзеге асырады. Бұл нысанда қытайлық жабдықтар пайдаланылатын болады.
"Семей мен Өскемендегі ЖЭО жобалары бойынша «Қазақстан дербес салады» деген кезде әңгіме «Самұрық-Энергоның» тапсырыс беруші рөлін атқаратындығы туралы болды. Яғни, қаржыландыруды Қазақстан тарапы қамтамасыз етеді. Ал әлеуетті мердігерлер қатарында «Интер РАО» және қытайлық компанияларды қоса алғанда, өзге де халықаралық ұйымдар болуы мүмкін", – деді Мақсұтов.
Айта кетейік, жаңа жылу электр орталықтарын салу жобасы өңірлердің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрғындарды тұрақты жылу, электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған.