80 млн теңге. Алматы тұрғыны “үйлену” уәдесімен бірнеше қызды қарызға батырған

1309
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/s0YN5x4AAPRz6CnjoyNZk6xmAcDAj3QhzMC3N6GI.webp

Алматыда 28 жастағы Рамазан Исхаров есімді ер адам бірнеше қызды “үйленемін” деп алдап, олардың атынан ірі көлемде несие рәсімдеткені үшін сотқа тартылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Stan.kz сайтына сілтеп.

Тергеу мәліметінше, Исхаров 2022 жылдан бастап өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, қыздардың сеніміне кірген. Ол оларға үйленуге уәде беріп, түрлі сылтаулармен аттарына несие рәсімдетіп, кейін ақшамен бірге жоғалып отырған. Жалпы шығын көлемі шамамен 80 миллион теңгені құраған.

Зардап шеккендер арасында үш қыз және Исхаровтың бұрынғы досы бар. Кейбір жәбірленушілер үйінен айырылып қала жаздаса, біреуі күдіктінің қолынан соққы көрген.

Жәбірленушілердің бірі Исхаровпен фотосалонда танысқанын айтты. Алғашқы кездесуден-ақ ер адам қыздың тұрмыс жағдайын, баспанасы мен несиесі бар-жоғын сұраған. Бір аптадан соң ол қызды 700 мың теңге несие алуға көндіріп, кейін тағы бірнеше банк пен микроқаржы ұйымынан қарыз рәсімдеткен.

Қыздың атындағы жалпы қарыз көлемі шамамен 12 миллион теңгеге жеткен. Исхаров ақшаны “бизнеске саламын” деп сендіріп, қыздың атына таксопарк ашып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеткен.

Бұдан бөлек, 2023 жылдың қарашасында ол қызды пәтерін кепілге қоюға да мәжбүрлеген. Нотариус пен үшінші тұлғалардың қатысуымен 6,5 миллион теңге қолма-қол алынған, кейін Исхаров ізін суытқан. Қыз пәтерін тек күдіктінің анасы ақшаның бір бөлігін қайтарған соң сақтап қалған.

Жәбірленушінің айтуынша, Исхаров өзіне арыз жаздырмау үшін қорқытып, “полицияда істеймін, ешкім маған ештеңе істей алмайды” деп қысым көрсеткен. Қыз бірнеше рет арыздануға тырысқанымен, тек 2024 жылдың наурыз айында ғана ресми түрде өтініш қабылданған.

“Қарыз бен қысымнан кейін депрессияға түсіп, өз-өзіме қол жұмсамақ болдым”, – дейді ол.

Қазіргі уақытта Рамазан Исхаровқа Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі, 1-тармағы (ірі көлемде алаяқтық) және 109-1-бабының 1-бөлігі (ұрып-соғу) бойынша айып тағылған.

Сотта айыпталушы кінәсін мойындап, шығынды өтеуге дайын екенін айтты. Ол тек көмектескісі келгенін, алған ақшаның бір бөлігін қайтарғанын және өз картасы бұғатталғандықтан қыздың картасын пайдаланғанын мәлімдеді.

Алайда сот тергеуі барысында Исхаровтың ешқашан полицияда ресми түрде қызмет етпегені анықталды. Ол тек 2017 жылы Ауэзов аудандық полиция бөлімінде жарты жылдық тәжірибеден өткен.

Сот процесі жалғасуда.

Пікірлер