Дәрігерге қол көтерген ер адам үш тәулікке қамалды

961
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Ef7SmM5XulV6vTRrjXRqVxd6ikvvbjJHGIVqlKf3.avif

Алматы облысында ер адам травматолог дәрігерге бала-шағасының көзінше тіл тигізіп, жағасынан алғаны үшін үш тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Еңбекшіқазақ аудандық №2 сотының баспасөз қызметі оқиғаның 2025 жылдың 8 қыркүйегінде аудандық ауруханасында болғаны хабарланды.

 Ер адам жарақат алған ұлын алып келген кезде дәрігер баланың сүйегі сынған болуы мүмкін деп күдіктеніп, гипс салуды ұсынған. Алайда әкесі бұл пікірмен келіспей, дау шығарып, медициналық қызметкерлерге балағат сөздер айтқан.

Сот мәліметінше, ер адам алдымен дәрігерге тіл тигізіп, кейін ақ халатынан ұстап, физикалық қысым көрсеткен. Дәрігер өзін қорғау мақсатында сотқа шағымданған.

Айыпталушы кінәсін мойындады. Сот отырысында ол эмоцияға беріліп кеткенін айтып, дәрігерден кешірім сұрады. Травматолог та оның қатты ашулы болғанын және бірнеше рет тіл тигізгенін растады.

Сот ер адамның әрекетін қызметтік міндетін атқарып жатқан медицина қызметкеріне құрметсіздік көрсету деп танып, оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша жаза тағайындады.

«Айыпталушы үш тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Шешім заңды күшіне енді», — делінген соттың баспасөз хабарламасында.

Сонымен бірге сот дәрігерлерге қысым көрсету, қорқыту немесе тіл тигізудің заңмен жазаланатынын еске салды.

Пікірлер