Қырғызстан көшеде қайыр сұрайтын шетелдіктерді елден қуады

787
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/aKgKzHVCe9eZ2dMQV49ajVPJ9WYILCCplrz2jtLC.jpg

Қырғызстанның Әділет министрлігі жолдың жүріс бөлігінде қайыр сұрағандарға айыппұл және өзге де жауапкершілік шараларын енгізуді көздейтін заң жобасын дайындады. Құжат қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды "Адырна".

Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, қайыршылық мәселесі, әсіресе Бішкек пен Ош қалаларында, жылдан жылға ұлғайып, тұрақты өсім көрсетіп отыр. Қайыршылықпен айналысатын адамдардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Ош қаласында осы іспен айналысатын шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың үлесі айтарлықтай жоғары.

«Қайыршылықтың таралуына кәсіби дағдыларды, физикалық немесе зияткерлік еңбекті қажет етпейтін оңай табыс табу мүмкіндігі себеп болып отыр. Ұсынылып отырған нормалар барлық қайыршылыққа емес, тек жол бойында қайыр сұрау мен адамдарға мазалатып жабыса жүруге бағытталған. Шынымен мұқтаж, бірақ қоғамдық тәртіпті бұзбайтын азаматтар бұл санкциялардың әсеріне түспейді», - делінген түсіндірме жазбада.

Құжатта көрсетілгендей, жолда және қоғамдық орындарда қайыршылық көптеген мәселе тудырады:

  • жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіреді;
  • қалалардың имиджі мен туристік тартымдылығын төмендетеді;
  • қоғамдық тәртіпті бұзады.

Базарларда, жерасты өткелдерінде, сауда орталықтарының жанында адамдарға жиі жабысып, ақша сұрау тұрғындардың наразылығын тудырады.

Бастамашылардың айтуынша, қазіргі заң нормалары бұл мәселені жанама түрде ғана қамтиды, ал жүргізілетін рейдтер тұрақты нәтиже бермейді.

«Әсіресе мұндай құқық бұзушылықтарға шетел азаматтарының қатысуы алаңдатады. Егер шетел азаматы айып салынғаннан кейін бір ай ішінде заңды қайта бұзса, оған қатаңырақ жаза қолданылуы тиіс. Бұл ел заңдарын жүйелі түрде елемеудің белгісі. Сондай-ақ қарттар, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі адамдар және психикалық ауытқуы бар тұлғаларды қайыршылыққа тарту ерекше алаңдатады. Бұл олардың құқықтарын бұзатын қанау түрі», делінген түсіндірме жазбада.

Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 126-бабына жаңа «Қайыршылық» нормасы енгізу ұсынылды:

  • Жолдың жүріс бөлігінде қайыр сұрау немесе қоғамдық орында адамдарға жабысып ақша не басқа материалдық құндылық сұрау 20-30 сағат қоғамдық жұмысқа немесе 3 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу;
  • Бір ай ішінде қайталап бұзса 30-40 сағат қоғамдық жұмыс немесе 3–5 тәулікке дейін қамау;
  • Егер қайталанған құқық бұзушылықты шетел азаматы жасаса, оны елден шығару (депортациялау) көзделеді.

Сонымен қатар, жеке бап «Қайыршылыққа тарту» енгізілмек:

  • Қарттарды, жүкті әйелдерді, мүмкіндігі шектеулі адамдарды немесе психикалық дертке шалдыққан тұлғаларды қайыршылыққа тарту 200 есептік көрсеткіш (20 мың сом) мөлшерінде айыппұл;
  • Егер бұл әрекетті шетел азаматы бір ай ішінде қайта жасаса, оны да елден шығару ұсынылады.

Әділет министрлігі бұл шаралар қоғамдық орындардағы мазасыз әрі қауіпті қайыршылықтың алдын алуға, осал топтардың құқықтарын қорғауға және Қырғызстан қалаларындағы қоғамдық тәртіпті жақсартуға көмектеседі деп санайды.

Пікірлер