Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әріптестік жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін. Америкалық Cove Capital және қазақстандық «Тау-Кен Самұрық» компаниялары елімізде ірі вольфрам кен орнын игеру туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды "Адырна" порталы Reuters-ке сілтеме жасап.
Келісім аясында Cove Capital бірлескен кәсіпорынның 70 пайыз үлесін иеленіп, металлдың сатылуын бақылайды. Ал «Тау-Кен Самұрық» компаниясына 30 пайыз үлес тиесілі болады. Шығыс Қазақстан облысындағы Солтүстік Катпар мен Жоғарғы Қайрақты кен орындарын игеру жобасының жалпы құны шамамен 1,1 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл соманың 900 миллион долларын қаржыландыруға АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі қызығушылық танытқан.
Вольфрам – стратегиялық маңызы бар металл. Ол болатты шынықтыруда, сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. АҚШ-та бұл металдың өндірісі 2015 жылдан бері тоқтап тұр, ал әлемдік нарықта басты өндіруші әрі жеткізуші ел – Қытай болып саналады.
Cove Capital компаниясының басшысы Пини Алтхаус бұл жобаны «АҚШ үшін стратегиялық маңызды жеңіс» деп атады. Оның айтуынша, келіссөздерге Дональд Трамп пен АҚШ-тың сауда министрі Говард Латник те тікелей қатысқан. Олар кен орнын қытайлық компаниялардың бақылауына өтпеуін қадағалаған.
Компания өкілдерінің мәліметінше, жобаны салу жұмыстары екі жылдан кейін, ал өндіру процесі үш жарым жылдан соң басталады. Сонымен қатар, руданы Қазақстанда өңдеу жоспарланып отыр. Америкалық тарап бұл жобадан алынатын вольфрамның басым бөлігі АҚШ үкіметі мен америкалық компаниялардың қажеттіліктерін өтеуге бағытталатынын атап өтті.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі АҚШ үкіметінің Қытайға тәуелділікті азайту мақсатында Қазақстанды стратегиялық серіктес ретінде қарастырып отырғанын жазған болатын. Cove Kaz Capital компаниясы металды ел ішінде өндіру мен қайта өңдеуді көздейді, ал АҚШ жағы тек қаржылай қолдау көрсетеді.
Айта кетейік, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 2026 жылы Қазақстан мен басқа да Орталық Азия елдеріне ресми сапармен келуді жоспарлап отыр. Ол Вашингтонның өңірдегі минералдық ресурстарды өндіру және өңдеу бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін мәлімдеді.