Қазақ мәдениетінің қайраткері, ұлт руханиятының жоқтаушысы Ғалым Доскен өмірден өтті

1134
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xCls2EvoyawYPAAGHU4PdDiHUkSqbznwhvLzHFXj.webp

Филолог, әдебиет сыншысы, режиссер, қазақ мәдениетінің ардагері Ғалым Доскен қайтыс болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Базарбек Ағытай хабарлады.

"Жарық дүниеден қазақтың арда азаматы Ғалым Доскен де өтті..." - деп жазды ол өз парақшасында.

Журналист Болат Мүрсәлім де қаралы хабарды жеткізді. 

“Қашан көрсең жайдары, сөйлеп кеткенде арғы мен бергіні, Батыс пен Шығысты сапырып отыратын, қазақтың әнін, күйін, жалпы ұлттық дүниесін түгендеп, соның жоқшысы бола білген Ғалым ағамыз о дүниелік болған екен. Ғалым ағадай биік, Ғалым ағадай парасатты басқа адамды дүниеде кезіктірдім бе, жоқ па, білмеймін. Қабағы түксиіп, күркіреген күндей көрінгенімен, жаны баладай нәзік, досына асық, төңірегіне жиған бауыр-қарындастарына әкедей қамқор жан еді”, – деп еске алды.

Ғалым Доскен 1960 жылы 19 шілдеде дүниеге келген. Ол — филолог, әдебиет сыншысы, режиссер және сценарист. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының түлегі.

Көп жыл бойы отандық телерадио саласында жемісті еңбек етті.

2001–2002 жылдары «Қазақстанның республикалық телевидение және радио корпорациясы» ЖАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 

2002–2006 жылдары – «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы болды. 

Ал 2007 жылдан бастап – «Ел» продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарған.

Ол «Сәулені күту», «Ұлы дала астаналары», «Маңғыстау қабірлерінің түсі», «Жоғалған жарық хроникасы» сынды деректі фильмдердің авторы. Сонымен қатар, «Тоғыз құйрықты ақ түлкі», «Сиқырлы флейта», «Билейтін құс» кітаптарын жазып, «Жезтырнақ» балетінің либреттосын жазған.

Пікірлер