Фото: ТАСС/EPA/PETER KLAUNZER
Ресейлік шахматшы және оппозициялық саясаткер Гарри Каспаров Halifax International Security Forum форумында АҚШ-тың Украинаға қатысты ұстанымын сынға алды. Бейнежазба 21 қарашада форумның YouTube арнасында жарияланды, деп хабарлайды “Адырна”.
Каспаровтың айтуынша, Украина – Ресей Федерациясы атты агрессор елдің армиясын тежеп, оның Еуропаға әрі қарай өтуіне жол бермей отырған жалғыз күш.
"Мәселе сіздегі қару-жарақтың мөлшерінде емес. Мәселе – сіз соғысуға және өлуге дайынсыз ба, соған тіреледі. “Латвияда канадалық бригада бар” дейді. Бірақ бұл бригаданың бұйрығы қандай? Егер ресейліктер шекарадан өтсе, бұл бригада оқ ата ма? Жауабы белгілі: бұл апталарға созылатын келіссөздер болады", – деді ресейлік саясаткер.
Сондай-ақ, Каспаров АҚШ президенті Дональд Трамптың бизнес-серіктесі ұсынған "бейбітшілік жоспарын" қалайша байыппен талқылауға болатынын түсінбейтінін айтты.
"Бұл – риэлторлық мәміле, Трамп отбасының байлығын арттыру мақсатындағы cиникалық схема, оның құны – Украинаны сату", – деп атап өтті ол.
Каспаровтың айтуынша, НАТО Еуропаны Ресей агрессиясынан қорғау үшін құрылған, ал бүгінде "бұл – жалған ұйым", себебі бұл міндетті тек бір ғана ел атқарып отыр, ол – Украина.
"Егер Украина болмағанда, Ресей танкілері әлдеқашан Польшада тұрған болар еді. Ал біз әлі күнге дейін оны НАТО-ға қабылдау-қабылдамауды талқылап отырмыз", – деді саясаткер.
Одан бөлек, Каспаров Владимир Путин, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин және "басқа да барлық диктаторлар" қазіргі жағдайға қол соғып отыр деп қосты.
Араздасқаннан кейінгі алғашқы жүздесу. Ресей мен Әзербайжан төтенше жағдай министрлері келіссөз өткізді