Бестерек ісі. Дертіне қарамай жүргізушіге куәлік бергендерді жауапқа тарту жайлы айтылды

82
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Абай облысында Бестерек ауылында 19 тамызда орын алған жол апаты бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеп.

Оқиға салдарынан 2–7 жас аралығындағы төрт бала қаза тапқан еді.

55 жастағы жүргізуші Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша – «Көлік басқару ережелерін бұзып, абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соққан» – айыппен жауапқа тартылады. Прокурор Әділжан Шарапиевтің айтуынша, айыпталушы 2013 жылдан бері «генерализацияланған эпилепсия және эпилепсиялық синдром» диагнозымен есепте тұрған. Бұл диагноз көлік жүргізуге тыйым салынған медициналық көрсеткіштердің қатарында.

Сот деректеріне қарағанда, 19 тамызда жүргізуші жұбайымен бірге Бестерек ауылынан Үржарға қарай жолға шыққан. Эпилепсиялық ұстаманың салдарынан рөлді басқара алмаған. Ол рөлді жолдың сол жағына бұрып, тұрғын үйдің қоршауына кіріп кеткен. Сол аулада ойнап жүрген алты бала зардап шекті. Салдарынан екі бала оқиға орнында, біреуі жолда, тағы бірі қыркүйектің соңында Семей облыстық балалар ауруханасында көз жұмды. Қалған екі бала түрлі жарақат алды.

Жәбірленушілер сотта ең қатаң жазаны талап етті. Таңшолпан Кәрімова үш қызынан айырылғанын айтып, айыпталушыға ғана емес, сондай адамға жүргізуші куәлігін бергендерді де жауапқа тарту керек екенін атап өтті.

Пікірлер