Сайлауды еске салған Трамп Зеленский туралы да айтты

102
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/OuaFgS2QGUVN1p44h5lPBxOwJrNSDDGux7mTfOlb.webp

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысқа қарамастан елде жаңа президенттік сайлау өткізудің уақыты келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ға сілтеп.

Трамптың пікірінше, сайлауды өткізуден бас тарту демократия принциптеріне қайшы келеді.

«Иә, менің ойымша, сайлау уақыты келді. Қазір бұл маңызды кезең. Олар соғысты пайдаланып, сайлауды өткізбейді, бірақ украин халқына таңдау құқығы берілуі керек», – деді ол.

АҚШ президенті сондай-ақ қазіргі Украина президенті Владимир Зеленскийдің қайта сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

«Кім жеңетінін білмеймін. Бірақ ұзақ уақыт бойы сайлау өткізілген жоқ. Олар демократия туралы айтады, бірақ белгілі бір сәтке дейін бұл демократия болмай қалады», – деді Трамп.

Айта кетейік, Украинада президенттік сайлау 2024 жылы өтуі тиіс еді. Алайда Ресейдің толыққанды басқыншылығына байланысты енгізілген әскери жағдай салдарынан сайлау кейінге қалдырылды. Кремль бұл фактіні Зеленскийдің легитимді еместігін айыптау үшін пайдаланып келген.

Украин билігі қазіргі әскери жағдай кезінде сайлауды өткізу мүмкін еместігін бірнеше рет мәлімдеді.

Пікірлер