Украина президенті Владимир Зеленский соғыс жағдайында сайлау өткізуге дайын екенін, бірақ белгілі бір шарттар орындалуы керектігін мәлімдеді. Оның айтуынша, елде қауіпсіздік қамтамасыз етіліп, заңнамаға өзгерістер енгізілуі тиіс. Бұл туралы ол украиналық және шетелдік журналистермен кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Президент халықаралық серіктестер сайлау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ете алса, президенттік сайлауға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ол соғыс жағдайында сайлауды реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізуге әзір екенін және осы бағытта парламенттен ұсыныстар күтетінін айтты.
Зеленскийден АҚШ Украинаға сайлау мәселесі бойынша қысым жасады ма және делегациялар Украинадағы ықтимал президенттік сайлауды талқылады ма деген сұрақ қойылды.
«Мен бұл мәселені талқылаған жоқпын. бұл — басқаның емес, Украина халқының мәселесі. Серіктестерімізге құрмет білдіре отырып, сайлауға дайын екенімді айтамын»,- деді Зеленский.
Оның айтуынша, сайлау өткізу үшін екі мәселені шешу қажет.
«Біріншісі — соғыс жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі, ал екіншісі — сайлаудың заңды өткізілуін қамтамасыз ететін құқықтық негізді реттеу. Мен АҚШ-тан, қажет болса, еуропалық әріптестермен бірге, сайлау өткізу үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесуін сұрап отырмын. Ондай мүмкіндік болса, 60–90 күн ішінде Украина сайлау өткізуге дайын болады. Менің бұған ниетім бар, дайындық деңгейім де жеткілікті», — деді Владимир Зеленский.
Украина президенті соғыстың ұзаққа созылуын оның билігін сақтап қалғысы келетінімен байланыстыратын болжамдарды «ақылға қонымсыз» деп атады.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Politico басылымына берген сұхбатында соғыс жалғасып жатқанына қарамастан, Украинада жаңа президенттік сайлау өткізу уақыты келгенін айтқан еді.