Бүгін бүкіл әлемде Халықаралық адам құқықтары күні атап өтіледі. 1948 жылғы 10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясын қабылдаған болатын, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Бұл — халықаралық адам құқықтарының тұңғыш дүниежүзілік актісі. Құжатта алғаш рет әрбір адамға қатысты негізгі құқықтар мен бостандықтар 30 бап түрінде жүйеленіп көрсетілді. Декларацияда ұлтына, тұратын жеріне, жынысына, этникалық шығу тегіне, тіліне, дініне немесе өзге де жағдайына қатысты қандай да бір айырмашылықсыз бәрімізде бар негізгі құқықтар мен бостандықтардың кең тізбесі бекітілген.
Қазіргі таңда декларация әлем елдерінің үкіметтері мен халықтары мойындаған маңызды халықаралық акт болып отыр. Ол 500-ге жуық тілге аударылып, Гиннестің рекордтар кітабында әлемдегі ең көп аударылған құжаттардың бірі ретінде тіркелді.
Айта кетейік, Қазақстан 1992 жылы наурыздың 2-сі күні БҰҰ-ға мүше болды, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын орындау міндетін мойнына алды.