Қостанай қаласында жол-көлік оқиғасы салдарынан 68 жастағы әйел қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оқиға 12 желтоқсан күні болған.
Ол жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолдан өтіп бара жатқанда жеңіл автокөлік қағып кеткен.
Оқиға сәтінің видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Бейнежазбада автобустың жүргізушісі жаяу жүргіншіні өткізу үшін өткелде тоқтағаны көрінеді. Алайда қарсы бағытта келе жатқан көлік жүргізушісі жаяу жүргіншіні байқамай, зейнеткер әйелді қағып кеткен.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу «Жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары атқарылып, оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Ведомствоның нақтылауынша, ВАЗ-2114 маркалы автокөліктің жүргізушісі Қ. Батыр даңғылымен қозғалып келе жатып, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 68 жастағы әйелді қағып кеткен. Алған ауыр жарақаттарының салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.