4–9 желтоқсан аралығында Алматы қаласындағы ADD аренасында 2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Аталған ел біріншілігіне аймақтық іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен, еліміздің әр өңірінен жиналған ең мықты жас боксшылар қатысты. Турнир барысында спортшылар чемпион атағы үшін ғана емес, сонымен қатар жасөспірімдер ұлттық құрамасының сапына іріктелу жолдамасын да сарапқа салды.
Жарыс жас боксшылардың шеберлігін шыңдап, оларды халықаралық деңгейдегі ірі старттарға дайындаудағы маңызды кезеңдердің бірі саналады. Чемпионат барысында қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, техникалық және тактикалық мүмкіндіктерін көрсетіп, тартысты жекпе-жектер өткізді.
Чемпионат қорытындысы бойынша 14 салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Барлық салмақ дәрежелері бойынша жүргізілген жалпыкомандалық есепте Жамбыл облысының құрамасы үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Команда қоржынына барлығы 7 медаль түсті: 4 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде.
Екінші орынға Шымкент қаласының командасы тұрақтап, 6 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 3 алтын, 2 күміс және 1 қола бар. Ал үздік үштікті Алматы қаласының құрамасы түйіндеді. Алаң иелері жарыс бойы тұрақты ойын өрнегін көрсетіп, барлығы 9 медальға қол жеткізді: 2 алтын, 2 күміс және 5 қола.