Шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың алғашқы иегері, Қазақстандағы Шығыстану орталығының директоры Рамазан Сүлейменовтің туғанына бүгін 95 жыл толды.
Рамазан Сүлейменов 1931 жылы, 17 ақпанда Ақмолада дүниеге келген. ҚазМҰ-ды үздік бітірген жас маман 1956 жылы аспирантураға шақырту алады. 1959 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы, тарих, археология және этнология инcтитутының аспирантурасын аяқтап, өмірінің соңына дейін осы институтта ғылыми қызмет атқарды. 1961 жылы кандидаттық диссертациясын совет билігі қуғындаған Ермұхан Бекмахановтың жетекшілігімен қорғаған.
1974 жылдан институттың Қазақстан мәдениеті тарихы бөлімінің, 1979 жылдан Шығыстану бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті.
Рамазан Сүлейменов Азия мен Африка халықтары достастығының қазақ бөлімшесінің вице-президенті, Шығыстанушылардың Бүкілодақтық ассоциациясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.
1984 – 1988 жылдарда Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының директоры, 1987 жылдан Қазақстан Ғылым Академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы болды.
Ғылымнан өзге қоғамның мәдени дамуында да Рамазан Сүлейменов әрдайым белсенді қызмет атқарды. Ол әл-Фараби, Шоқан Уәлиханов, Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Тұрар Рысқұлов тәрізді тұлғалардың тарихтағы орнын зерттеуге ерекше көңіл бөледі. Ғалым Шоқан Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының директоры болған уақытында, Қазақ АКСР Ғылым Академиясының, қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы болған кезінде Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлы тұлғалардың ақталуына ат салысты. Бір кездегі Алматы медицина институтына Санжар Асфендияровтың, Тілтану институтына Ахмет Байтұрсынұлының есімін беруге көп ат салысты. Археология институтының құрылуына, оған академик Әлкей Марғұланның есімін беру үшін көп еңбек сіңірді.
Рамазан Сүлейменовтің шығыстану - ориенталистика бағытында атқарған жұмыстары бір төбе. Бұл бағытта «Шоқан Уалиханов – шығыстанушы», «Қазақстан, Орта және Орталық Азия XVI-XVIII ғ.», «XVIII ғ. Қазақстан тарихы (Абылайдың ішкі және сыртқы саясаты жөнінде») деген еңбектерін жазды, кейбір еңбектердің жазылуына жетекшілік жасады. Қазақстан тарихына қатысты қытай деректерін жинастырып, құжаттар жинағын даярлауға жетекшілік етті. Оның редакциясымен “Цин империясы мен Қазақстан”, “18 ғасырдың 2-жартысы мен 19 ғасырдың алғашқы ширегіндегі Цин империясы мен қазақ хандықтары” атты құжаттар жинағы жарық көрді. 18 ғасырдағы Қазақстан тарихын зерттеп, Абылай ханның ішкі және сыртқы саясатындағы ұстанымдарының ерекшелігін ашып көрсетті.
1992 жылы, 13 ақпанда Қазақстан Ғылым академиясында Шығыстану ғылыми орталығының ашылуына қол жеткізіп, оның алғашқы директоры болды. Бұл айтулы оқиға, тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырудағы қилы кезеңге тұспа тұс келді. Бұл кезеңдегі кадрлардың жетіспеушілігі салдарына Рамазан Бимашұлы Мәскеу, сол кездегі Ленинград, Ташкент, Душанбе, Владивостокта тәрбиелеген шәкірттерімен толықтырды. Бұл кезде Қазақстанда шығыстану факультеті енді ашыла бастаған еді.
Ол бірнеше тарих ғылымдарының докторын, 30 ғылым кандидатын даярлап шығарды. Ғылыми мектеп, Шығыстану орталығын қайта құруға септігін тигізді. 1992 жылы, 23 мамырда Рамазан Сүлейменовтің қазасынан кейін өзі құрған Шығыстану орталығы жеке институт ретінде қызметін жалғастырды. 30 жыл бұрын, 1996 жылы Қазақстан билігі Шығыстану институтына Рамазан Сүлейменовтің есімін берді.
Путинді қолдаған Азаматқа қарсы шығып, ғайбаттау үлкен қателік. Мен де Ресейдің жеңгенін қалаймын - Зікірия Жандарбек.