Ақтау қаласында Конституциялық реформаны қолдау жөніндегі облыстық коалиция мүшелері медицина қызметкерлерімен кездесті. №2 қалалық емхана базасында өткен жиында ақ халатты абзал жандар ел болашағы үшін маңызды науқанға бірауыздан қатысатындарын мәлімдеді.
otpannews.kz cайтының хабарлауынша, кездесу барысында коалиция мүшесі Киікбай Ешманов Конституцияға енгізілетін өзгерістердің мән-маңызына тоқталды. Оның айтуынша, саяси жаңғыру жолында ұстаздар мен дәрігерлердің рөлі ерекше.
«Біздің міндетіміз – халыққа, соның ішінде қоғамның қозғаушы күші саналатын сала мамандарына жаңа Конституция негіздерін түсіндіру. Мемлекет басшысы әрдайым медицина мен білім беру саласын дамытуды басты назарда ұстап келеді. Жаңа жобада бұл бағыттарға басымдық берілген. Сондықтан әрбір маманның таңдауы ел ертеңі үшін маңызды», – деді Киікбай Ешманов.
Коалиция мүшесі Гүлмира Әбішева заңнамалық өзгерістерді медициналық эволюциямен байланыстыра отырып, маңызды теңеу келтірді. Ол пандемия кезіндегі қиындықтарды мысалға ала отырып, кез келген жүйенің жаңарып отыруы қажеттілік екенін алға тартты.
“Өздеріңіз жақсы білесіздер, коронавирус індеті алғаш басталған кезде оны қалай емдеу керектігін нақты ешкім білген жоқ. Алғашқы кезеңде емдеу хаттамалары болмады, тәжірибе жетіспеді. Салдарынан көп адам қайтыс болды. Уақыт өте келе вирус зерттелді, емдеу әдістері жаңартылды. Медицина бір орында тұрмайды. Жаңа ауру шықса – жаңа тәсіл керек. Дәл сол сияқты, қазіргі қолданып жүрген Конституция – өз уақытына қызмет еткен құжат. Бірақ уақыт бір орында тұрмайды. Заман өзгерді. Қоғам өзгерді. Сондықтан ескі заңмен жаңа қоғамды басқару мүмкін емес. Ата Заңымызды жаңарту – уақыт талабы, өмір қажеттілігі”,- деді Гүлмира Әбішева.
Медицина қауымдастығы өкілдері бұл бастаманы жоғары деңгейде қолдап отыр. Жастар денсаулығы орталығының бөлім меңгерушісі Абзал Сырым референдумды ел дамуындағы маңызды белес деп бағалады.
«Біз жаңа Конституция жобасымен таныстық. Бұл – ертеңгі күнге деген нық қадам. Өз басым референдумға міндетті түрде қатысамын және барша әріптестерім мен отандастарымды бұл тарихи сәтте белсенділік танытуға шақырамын»,– деді ол.
Жиын соңында қатысушылар референдумға қатысты көкейкесті сауалдарын қойып, жауап алды. Ақтаулық дәрігерлер саяси науқан күні сайлау учаскелеріне барып, өз дауыстарын беруге ниетті.