18 ақпан күні Ресей, АҚШ және Украина арасында өткен келіссөздер екі сағатқа созылды. Бұл туралы Женевадағы келіссөздерде Ресей делегациясын басқарған Владимир Мединский мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Өздеріңіз білетіндей, келіссөздер екі күн өтті. Кеше әртүрлі форматта өте ұзаққа созылды, ал бүгін тағы шамамен екі сағатқа жалғасты. Олар ауыр, бірақ іскерлік сипатта өтті», – деді ол журналистерге кездесуден кейін.
Мединскийдің айтуынша, келіссөздердің жаңа раунды жақын уақытта өтеді. Бұл ақпаратты «Интерфакс» агенттігінің дереккөзі де растады. Сондай-ақ Ресей өкілдерінің 18 ақпанда Мәскеуге қайтатыны айтылды.
Украина делегациясын Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров басқарды. Ол келіссөздер барысында белгілі бір ілгерілеу болғанын және кейбір мәселеге түсініктеме енгізілгенін айтты. Алайда «қазіргі кезеңде егжей-тегжейін жариялауға болмайтынын» атап өтті.
Екі күндік келіссөздер қорытындысы бойынша Украина президенті Владимир Зеленский әскери бағытта белгілі бір прогресс бар екенін мәлімдеді. Алайда ол саяси мәселелер бойынша, әсіресе Донбассқа бақылау орнату және Запорожье атом электр стансасына қатысты өз делегациясынан әскери саладағыдай ілгерілеу туралы ақпарат естімегенін айтты.
Сонымен қатар Украина президенті Женевадағы келіссөздерге еуропалық елдер өкілдерінің көптеп қатысқанын атап өтті.
«Біз үшін Еуропаның қатысуы өте маңызды», – деді Зеленский.