Фото: ЖИ арқылы жасалған
Қазақстанда ауылдар саны азайып барады. Тек 2025 жылдың өзінде олардың саны 83-ке қысқарып, жалпы көрсеткіш шамамен 6,1 мыңға дейін төмендеген. Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы анықтады деп хабарлайды “Адырна”.
Бұл үрдіс жаңалық емес — ауылдар шамамен 25 жылдан бері жойылып келеді. Соңғы жылдары үдеріс айтарлықтай жеделдеген. Бірінші кредиттік бюро сарапшыларының мәліметінше, 2020–2022 жылдары 46 ауыл таратылса, 2023–2025 жылдары олардың саны 199-ға жеткен. Жалпы алғанда, бақылау кезеңі ішінде елде шамамен 1,8 мың ауылдық елді мекен жойылған.
2025 жылғы қысқаруда негізгі үлес үш солтүстік өңірге тиесілі — Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысы және Павлодар облысы. Жалпы қысқарудың шамамен 80 пайызы осы аймақтардың үлесіне тиеді. Бұл өңірлерде 68 ауыл таратылып, тек бір жаңа ауыл — Ақмола облысының Целиноград ауданында, Астана маңында орналасқан Нұрлы ауылы құрылған.
2021 жылғы халық санағының деректеріне сәйкес, аталған 68 ауылда бар болғаны 1,5 мың адам тұрған. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 4,4 есе аз. Ең ірі ауыл — Ақмола облысындағы Красносельское ауылы, онда 74 адам тұрған. Ал 68 ауылдың 62-сінде халық саны 50 адамнан аспаған. Тіпті мүлде бос қалған елді мекендер де бар. Павлодар облысындағы Малая Парамоновка ауылында тұрғын болмаған. Солтүстік Қазақстан облысындағы Мирный мен Калиновка ауылдарында тиісінше бір және екі адам ғана тұрған.
Ауылдарды тарату себебі айқын — халық санының аздығы. Заңға сәйкес, егер үш жыл бойы елді мекенде 50 адамнан аз тұрғын өмір сүрсе, оны таратуға болады. Әдетте мұндай жағдайда ауыл ресми тізімнен шығарылып, жақын маңдағы ірі елді мекенге қосылады. Формалды түрде шешім тұрғындардың жиналыстағы пікірі ескеріле отырып қабылданады.
Сарапшылардың айтуынша, ауылдардың жаппай жабылуы елде іс жүзінде халқы жоқ немесе өте аз елді мекендердің әлі де көп екенін көрсетеді. Негізгі себеп — тұрғындардың қалаға көшуі.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқы тек Алматы, Атырау және Маңғыстау облыстарында ғана артқан. Қалған өңірлерде ауылдар босап, халық саны азаюын жалғастыруда.