40 күндік ұлттық аза. Аятолланың орнына жаңа жетекші “сайланбақ”

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/t40jR8rnhONSuHEjjn8owilwrLpAyHYiKM35EDFc.jpg

Иран ислам революциясы сақшыларының корпусы елдің рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің қаза тапқанын растады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Ислам революциясының Жоғарғы көшбасшысы, ұлы аятолла Әли Хаменеи 28 ақпан күні Америка мен Израильдің бірлескен шабуылы салдарынан қаза тауып, шәһид болды. Бұл ұлы ғалым әрі көрнекті күрескер өз өмірін Иран мен исламды өркендетуге арнады»,– делінген хабарламада.

Иран әскерилері өз көшбасшысының ісін жалғастыратынын және Ислам Республикасына шабуыл жасағандарды жазалайтынын жеткізді. Сондай-ақ бұл әрекет жақын арада жүзеге асатыны хабарланды.

Елдің мемлекеттік телеарнасы да Хаменеидің қазасы туралы ақпарат таратты. Жергілікті БАҚ мәліметінше, АҚШ пен Израильдің шабуылдары нәтижесінде оның қызы, немересі, күйеу баласы және келіні де көз жұмған.

IRIB News қайғылы оқиғаға байланысты Иранда 40 күндік жалпыұлттық аза тұту жарияланып, 7 күндік демалыс күні белгіленетінін айтты.

Қазіргі уақытта елді басқару келесі басшы сайланғанға дейін президент, парламент төрағасы және сот билігінің басшысы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Ирандық БАҚ-тың жазуынша, жақын арада жаңа көшбасшының есімі жарияланатын болады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Тарихтағы ең зұлым адамдардың бірі – Хаменеи өлді. Ол біздің арнайы қызметтеріміз бен жоғары технологиялық бақылау жүйелерімізден қашып құтыла алмады. Израильмен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істедік. Ол да, онымен бірге қаза тапқан басқа жетекшілер де ештеңе істей алмады. Бұл — Иран халқы үшін өз елін қайтарып алудың жалғыз мүмкіндігі. Біз олардың КСИР, әскер және басқа да қауіпсіздік күштері мен полиция құрамындағы көптеген өкілі соғысқысы келмейтінін естіп отырмыз», — деп атап өтті ол.

Америкалық көшбасшы қарқынды әрі нысаналы бомбалау бір апта бойы немесе «Таяу Шығыста және жалпы әлемде бейбітшілік орнату мақсатына жеткенге дейін» жалғасатынын мәлімдеді.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың араб елдеріне қолдау білдіріп, әскери әрекеттерді айыптағанын жазған едік.

Пікірлер