"Бәрі де майдан үшін, тыл үшін!" Тығыраққа тірелген Путин соғысқа жұмылуға шақырды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/fi4TTjAjHDsMTX48JS0BMS5UlAcmMK8dcNn2912f.webp

Ресей президенті Владимир Путин ресейліктерден өзі бастаған Украинаға қарсы әскери агрессияның табысты болуы үшін еңбек етуді талап етті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол бұл соғысты тағы да 1941–1945 жылдардағы КСРО-ның гитлерлік Германияға қарсы қорғаныс соғысымен салыстырды.

«Ұлы Отан соғысы кезінде бүкіл тыл, майдан үшін, сарбаздарымыз үшін, қорғаушыларымыз үшін жұмыс істеді. Тек танк, ұшақ, зеңбірек пен снарядтар ғана жасалған жоқ», — деді Путин 21 сәуір күні Мәскеуде өткен «Кіші Отан — Ресейдің күші» форумында.

Оның айтуынша, әйелдер шұлық тоқып, майданға сәлемдемелер мен сыйлықтар жіберген

«Жеңіс дәл осы бірлік арқылы келді. Қазір де солай болады», — деп қосты Ресей президенті.

Айта кетейік, жыл өткен сайын соғыстың жалғасуын қалайтын ресейліктердің саны азайып барады. «Левада-орталығының» мәліметінше, Ресей Украинаға қарсы бесінші жыл жүргізіп отырған ауқымды соғыс жағдайында келіссөздерді қолдайтын ресейліктер саны рекордтық деңгейге жеткен. Ақпанда жүргізілген репрезентативті сауалнамаға қатысқандардың 67%-ы бейбіт келіссөздерді бастау қажет деп санайды. Сонымен бірге әскери әрекеттерді жалғастыруды қолдайтындардың үлесі азайып, бақылау жүргізілген уақыттағы ең төменгі деңгейге — 24%-ға дейін түскен.

Пікірлер