«Жасыл даму» АҚ ӨЭС 2026 аясында: циркулярлық экономикаға көшу тетіктері

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/3IurAFFAnBBHHn9T8ePkPBnKUoAqpSRTwqkN2dvq.jpg

2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында елордада тұрақты даму мәселелерін талқылау үшін халықаралық сарапшыларды, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін біріктірген Өңірлік экологиялық саммит өтуде.

«Циркулярлық экономиканың жаһандық тәсілдері және ұлттық деңгейде іске асыру» атты №2 панельдік сессия барысында «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай сөз сөйлеп, қалдықтарды басқару саласын реформалау және циркулярлық экономика қағидаттарын енгізу бойынша Қазақстанның жүйелі тәсілін таныстырды.

Баяндаманың негізгі өзегі - өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) тетігінің экологиялық трансформацияның негізгі қозғаушы күші ретіндегі рөлі болды.

Қазақстан «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын кезең-кезеңімен іске асырып келеді. Бұл құжатқа сәйкес, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылға қарай 40%-ға, 2040 жылға қарай 50%-ға және 2050 жылға қарай 60%-ға дейін арттыру көзделген.

«Жасыл даму» АҚ бүгінде нақты нәтижелер көрсетуде:
• EcoQolday бағдарламасы (2024–2026 жж., бюджеті $40 млн) аясында 85 келісімшарт жасалып, 136 мың тоннадан астам қалдық қайта өңделді;
• Жалпы сомасы шамамен $400 млн болатын жеңілдетілген қаржыландыру тетігі іске қосылып, құны $782 млн болатын 63 инфрақұрылымдық жобаны қолдауда;
• Иесіз қауіпті қалдықтарды жою бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде: 17 нысанның 6-уы тазартылды, сондай-ақ жылына 520 тонна қуаттылығы бар Орталық Азиядағы алғашқы қауіпті қалдықтарды жою зауытын іске қосуға дайындық жүргізілуде;
• «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық мәдениет қалыптастырылуда: мыңдаған экобокстар орнатылып, қалдықтарды бөлек жинау және экологиялық ағарту жұмыстары енгізілуде.

«Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай атап өтті:

«Бүгінде циркулярлық экономика тұрақты дамудың негізгі элементіне айналуда. Қазақстан қалдықтарды ресурсқа айналдыратын, жаңа нарықтар қалыптастыратын және инвестициялар тартуға жағдай жасайтын практикалық модель қалыптастыруда. ӨКМ тетігі жүйелі өзгерістер құралы ретінде өзінің тиімділігін дәлелдеді».

«Жасыл даму» АҚ-ның Өңірлік экологиялық саммитке қатысуы Қазақстанның халықаралық экологиялық күн тәртібіндегі белсенді рөлін айқындай түседі.

Ұсынылған бастамалар экологиялық жүктемені азайтуға, заманауи инфрақұрылымды дамытуға және озық әлемдік тәжірибелерді ұлттық қалдықтарды басқару жүйесіне енгізуге ықпал етеді.

Алдағы уақытта компания қалдықтарды басқару жөніндегі Ұлттық орталық құру, барлық процестерді цифрландыру және халықаралық ұйымдармен әріптестікті кеңейту арқылы саланы дамытуды жалғастыруды жоспарлап отыр.

«Жасыл даму» АҚ миссиясы – мемлекеттік экологиялық саясатты іске асыруға жәрдемдесу және Қазақстанның тұрақты әрі ресурсты үнемдейтін экономикаға көшуін жеделдету.

Пікірлер