Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты медицина қызметкеріне қатысты күш қолдану фактісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оқиға 13 наурызда болған. Ер адам мас күйінде сауда үйінің автотұрақ аумағында жедел жәрдем бригадасының көрсеткен медициналық көмегіне көңілі толмай, медицина қызметкеріне күш қолданған.
«Өз әрекетімен ол фельдшерге денсаулыққа зиян келтірмегенімен, физикалық ауырсыну туғызған. Сондай-ақ медицина қызметкерінің қауіпсіз жұмыс істеуге заңмен кепілдік берілген құқығы мен жеке басына қол сұғылмаушылық қағидасын өрескел бұзған»,-делінген іс материалдарында.
Прокурор айыпталушыға ҚР ҚК 380-3-бабы 3-бөлігі бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Айыпталушы кінәсін мойындап, өзін бас бостандығынан айырмауды өтінді. Жәбірленуші қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Айыпталушы бұрын сотталмаған. Алайда ол бірнеше рет тыныштықты бұзғаны және қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Іс бойынша жеделдетілген сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. ҚР ҚК 55-бабы 3-бөлігіне сәйкес сот ең жоғары жаза мерзімінің жартысынан артық жаза тағайындай алмады.
Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, айыпталушының жеке басын, жәбірленушінің пікірін және анықталған мән-жайлардың жиынтығын ескере отырып, сот айыпталушыны қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
