Шымкентте науқастың жүрегі 20 минуттың ішінде төрт рет тоқтаған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Шымкенттің денсаулық сақтау басқармасына сілтеп.
Дәрігерлердің мәліметінше, №1 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері жансақтау бөлімінде жүрегі төрт рет тоқтаған 65 жастағы науқастың өмірін сақтап қалды.
Зейнеткер ауруханаға ауыр жағдайда түскен. Дәрігерлер оған өкпе артериясының тромбоэмболиясы диагнозын қойған. Бұл — өкпе тамырларының тромбпен бітелуінен болатын аса қауіпті дерт.
Ведомствоның хабарлауынша, жансақтау бөлімінде науқастың жағдайы күрт нашарлап, 20 минут ішінде жүрегі төрт рет тоқтаған. Алайда дәрігерлер дер кезінде реанимациялық көмек көрсетіп, әр жағдайда науқасты аман алып қалған.
Науқас бір айдан астам уақыт жансақтау бөлімінде ем қабылдаған. 7 мамыр күні оның жағдайы жақсарып, үйіне шығарылған.
