Ресей Федерациясы Кеңесі президенттің ел қарулы күштерін шетелде пайдалану өкілетін кеңейтетін заңды мақұлдады. Заң 20 мамыр күні өткен отырыста қабылданды, деп хабарлайды "Адырна" порталы DW сайтына сілтеп.
Бұған дейін құжатты Ресей Мемлекеттік думасы бірауыздан қолдаған болатын. Жаңа заңға сәйкес, Ресей президенті ел азаматтарын шетелде қорғау мақсатында қарулы күштерді қолдана алады. Атап айтқанда, құжатта ресейліктердің шетелде қамауға алынуы, ұсталып тұруы немесе қылмыстық және өзге де қудалауға ұшырауы жағдайлары көрсетілген.
Заң жобасы «Азаматтық туралы» және «Қорғаныс туралы» федералдық заңдарға түзетулер енгізеді. Түсіндірме жазбада бұл өзгерістер Ресей мойындамайтын халықаралық соттар мен Ресейдің қатысуынсыз әрекет ететін халықаралық сот органдарының шешімдеріне байланысты қабылданып отырғаны айтылған.
Федерация Кеңесінің қорғаныс және қауіпсіздік комитеті жаңа заң президентке Ресей азаматтарын қорғау үшін қарулы күштерді қару-жарақпен бірге қолдану құқығын беретінін мәлімдеді. Сонымен қатар шетелдегі ресейліктерді қорғау бойынша «қажетті шараларды» мемлекеттік органдар да өз құзыреті аясында жүзеге асыра алады.
Сарапшылар бұл шешімді соңғы уақытта НАТО елдері тарапынан айтылған мәлімдемелермен байланыстырады. Бірқатар Батыс елдері Кремльдің Еуропадағы ықтимал әскери қақтығысқа дайындалып жатқаны туралы алаңдаушылық білдірген.
2026 жылдың наурыз айында АҚШ барлау қызметі Ресей Украинадағы соғысты саналы түрде ушықтырып, НАТО-мен тікелей қақтығысқа дейін баруы мүмкін екенін ескерткен болатын.
Ал Нидерланд барлау қызметінің бағалауынша, Ресейге НАТО қатысуы мүмкін аймақтық қақтығысқа дайындалу үшін шамамен бір жыл қажет. Барлау мәліметтерінде Кремльдің негізгі мақсаты әскери жеңіс емес, альянс ішінде саяси жік туғызу болуы ықтимал екені айтылған. Сондай-ақ Ресей ядролық қысым көрсету тәсілін қолдануы мүмкін деген болжам да жоққа шығарылмайды.
Айта кетсек, бұл заңды Мемлекеттік дума үшінші оқылымда қабылдаған болатын.
Заңнамалық бастаманы 381 депутат (84,7%) қолдады. Қалыс қалғандар да, қарсы дауыс бергендер де болмаған.
