Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Әлемдегі ең үлкен құрлыққа шыға алмайтын су айдыны Каспий теңізі алаңдатарлық жылдамдықпен құрғап барады. Ғалымдардың айтуынша, құлаған ғимараттардан бастап жануарлар мекендейтін жерлердің жойылуына дейінгі Каспий теңізінің жағдайы сын көтермейді.
Совет одағы құлағаннан бері жағалаудағы бес елге ортақ Каспий теңізі соңғы ғасыр басталғалы кері шегіне бастады. Иран жағалауынан қарағандағы ахуал теңіздегі түйткілдің бәріне ортақ екенін көрсетеді. DW – Неміс толқыны радиосының сайтында жарияланған мақалада осы жайлы айтылған.
21 МЕТРГЕ ДЕЙІН ТАЯЗДАНУ ЖАЙ ҒАНА АНОМАЛИЯ ЕМЕС
Қоршаған ортаны қорғау туралы тақырыпқа машыққан ирандық журналист Мәриям Каспий теңізінің жағасында туып, өскен. Теңіздің қазіргі деңгейін оның бала кезіндегі деңгеймен мүлде салыстыруға келмейді. Балалық шағында Рудсардағы үйінің маңайын су алып жататын. Су қалыпты жағалауынан асып, 1990 жылдары оның кейбір туыстарын баспанасыз қалдырған. Бұл өзгерістердің барлығы сол кезде қалыпты жағдай болып көрінетін. Бірақ көп жылдардан кейін туған жеріне сапар шеккенде Каспий оны жатырқай қарсы алды. Су таязданып, теңіш қашып бара жатқандай әсерде қалдырған.
Ғалымдардың айтуынша, Каспий теңізінің су деңгейі осы күйі төмендей береді.
«Мен жағадан алыстап бардым, бірақ су тек тізеден аспады, - дейді қауіпсіздік мақсатында шын аты DW-да аталмаған Мәриям. – Осында өскен адам үшін бұл қорқынышты еді».
Журналистің бұл сапары кезінде көргені жай ғана аномалия емес еді. Каспий теңізі, әлемдегі ең үлкен құрлыққа шығу жолы жоқ су айдыны, бес елдің - Иран, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Қазақстанның жағалауларынан кері қашып барады, суы азайып барады.
Тұзды Каспийдегі су деңгейі бұрын да өзгеріп отырғанымен, ғалымдар 1990 жылдары басталған қазіргі таязданудың тоқтауы екіталай екенін ескертеді. Болжамдарға қарағанда кейбір экологиялық модельдерге сәйкес, Каспий үстіміздегі ғасырда одан әрмен таязданады. Таяздану тіпті 21 метрге дейін жетуі мүмкін деседі.
«Салыстыру үшін астақ, 18 метр алты қабатты ғимараттың биіктігінен де жоғары», - деп түсіндіреді Ұлыбританиядағы Лидс университетінің эволюция механизмдерін зерттейтін биологы Саймон Гудман. «Су деңгейінің күрт төмендеуі экожүйелерге, сондай-ақ адам денсаулығына, әл-ауқатына және экономикалық белсенділігіне айтарлықтай әсер етеді».
КАСПИЙ НЕГЕ АЗАЙЫП БАРАДЫ?
Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуі бірнеше факторларға байланысты. Оған бірнеше өзен құяды, оның тұщы суының шамамен 80%-ы солтүстіктен - Ресейдің Еділінен келеді. Ондаған жылдар бойы келіп түсетін су көлемі бөгеттермен, суару құрылыстарымен және басқа да суды басқару құралдарымен, әсіресе Еділ бассейнінде реттеліп келді. Дегенмен, Гудманның түсіндіруінше, жағдай болашақта күрделене түседі.
«Осы ғасырдың қалған бөлігіне арналған болжамдар су деңгейінің төмендеуінің климаттың өзгеруімен байланысты екенін көрсетеді», - деп жалғастырады британдық ғалым. Мұнай, газ және көмірді жағудан парниктік газдар шығарындыларының әсерінен жаһандық температураның жоғарылауы теңіз бетінен булануды арттырып жатыр. Гудманның айтуы бойынша, жауын-шашынның азаюы және Еділ бассейніне түсетін ағын судың азаюымен бірге Каспий де көп суын жоғалтуда.
БАЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ АЗАЮЫ, ПОРТ ПРОБЛЕМАЛАРЫ
Оның айтуынша, бұл – салдары «бүкіл Каспий теңізіне әсер ететін» мәселе. Бұл салдардың кейбірі қазірдің өзінде байқалады, әсіресе теңіздің солтүстік бөлігінде, Ресей мен Қазақстанға іргелес тұстарындағы ахуал күрделене түсуі мүмкін. «Каспийдегі көптеген порттар кеме қатынасын қолдау үшін айтарлықтай тереңдетуді қажет етеді», - дейді Саймон Гудман. Оның пікірінше, мұндай мәселелер «алдағы бес-он жылда одан да нашарлауы мүмкін».
Жергілікті балықшылар да айтарлықтай қиындықтарға тап болуда. Ғалымның айтуынша, егер теңіздің таяз солтүстік бөлігіндегі су деңгейі төмендей берсе, балық аулау барған сайын тиімсіз болуы мүмкін. Егер теңіз деңгейі 10 метрге төмендесе, үлкен алқаптар толығымен кеуіп, Каспий теңізінің беткі ауданының үштен бір бөлігінің жойылуына әкелуі мүмкін. Кейбір жерлерде бұл процесс қазірдің өзінде жақсы жүріп жатыр – Каспийдің солтүстік-шығысындағы бір кездері ондаған мың итбалық көктемгі түлеуге пайдаланған аумақ қазір құрғақ жерге айналды. «Теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты біз экологиялық тұрғыдан маңызды жануарлар мекендейтін жерлерді жоғалтып жатырмыз», - деп атап өтеді Гудман.
Мұның салдары оңтүстікте, Иран жағалауында да байқалып отыр. Сулы-батпақты жерлерге қолайсыз жағдайларға байланысты аймақтағы балық қоры азайды. Ал Мәриямның балалық шағында гүлденіп, жанданған базарлар енді бұрынғыларының көлеңкесіндей. Журналист сонымен қатар басқа да даусыз өзгерістерді байқады: «Жағалау сызығы қазір менің есімде қалғаннан мүлдем басқаша». Бір кездері судың жағасында тұрған кафе қазір бірнеше метр қашықтықта қалған.
Каспий теңізі шығысқа қарай шамамен 1000 шақырым жердегі Арал теңізімен бірдей дағдарысқа тап болып отыр ма? Қазақстан мен Өзбекстанның арасында орналасқан, бір кездері әлемдегі ең үлкен жабық су айдындарының бірі болған Арал теңізі суды бұру салдарынан негізінен кеуіп қалды. Экожүйелерді бұзып, аймақта тұратын адамдардың өмір сүруіне кедергі келтірумен қатар, бұл өзгерістер улы шаң арқылы қоғамдық денсаулыққа айтарлықтай әсер етті.
САЯСАТКЕРЛЕР КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІНЕ ІЛЕСЕ АЛМАЙ КЕЛЕДІ
Гудман Каспий теңізі жағдайында осындай көңіл көншітпейтін жағдайдың алғашқы белгілері қазірдің өзінде айқын көрініп тұр деп мойындайды. «Біз бұл процестің басында тұрмыз», - деп ескертеді британдық биолог. Егер Каспий теңізінің солтүстік бөлігі кеуіп қалса, салдары су айдынының жай ғана азаюынан әлдеқайда асып түседі. Ашық теңіз түбінің үлкен аумақтары жергілікті климатты өзгертіп, ауаға айтарлықтай мөлшерде шаң шығаруы мүмкін, олардың кейбірінде атмосфералық ластаушы заттар болуы мүмкін.
Каспий теңізі бес елмен шектесетіндіктен, бұл мәселелерді тиімді шешу үшін үйлестірілген іс-қимыл қажет болады. Саймон Гудманның айтуынша, бұл елдердің үкіметтері «ынтымақтастық тетіктерін әзірлеудің басында тұрғандай көрінгенімен», бұл әлі бастапқы кезең ғана.
Оның бағалауы бойынша, ұзақ мерзімді бейімделу қоршаған ортаны қорғау және экономикалық аспектілерді ескеретін зерттеулер мен стратегияларға үздіксіз инвестиция салуды қажет етеді. Және бұл тез арада болуы керек, деп қорытындылайды Гудман: «Саяси әрекеттердің қарқыны қоршаған ортаның өзгеруінің жылдамдығына сәйкес келуі керек».
