Ақмола облысы Қазақстанның солтүстік өңірлері арасында көктемгі егіс жұмыстарын алғаш болып толық аяқтады. Биылғы науқан өңір аграршылары үшін тек уақытпен жарыс емес, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға бағытталған маңызды кезеңге айналды. Егіс алқаптарын әртараптандыру, цифрлық технологияларды енгізу және қаржыландыру тетіктерін тиімді пайдалану нәтижесінде көктемгі дала жұмыстары белгіленген мерзімнен кешікпей аяқталды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биылғы маусым нақты жоспарлау мен заманауи технологияларды кеңінен қолдану арқылы ерекшеленді. Өңірде дәстүрлі тәсілдерден біртіндеп бас тартып, цифрлық бақылау жүйелеріне басымдық берілуде.
Егіс жұмыстарының табысты өтуіне мемлекеттік қолдау шаралары да серпін берді. «Кең Дала – 2» бағдарламасы аясында 840 ауыл шаруашылығы құрылымы 122 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Сонымен қатар шаруалар жеңілдетілген лизинг бағдарламалары арқылы 34,3 миллиард теңге тартып, 610 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік алды.
Бұдан бөлек, Азық-түлік корпорациясының форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 55 өтінім мақұлданды. Ал тікелей субсидиялар көлемінің 88 пайызы шаруашылықтарға уақытылы төленіп, егіс науқаны кезінде айналым қаражатының тапшылығын болдырмауға ықпал етті.
Өңірдің аграрлық әлеуетін экспорт көлемі де айқындай түсуде. Жыл басынан бері Ақмола облысының элеваторлары сыртқы нарықтарға 1,9 миллион тонна астық жөнелтті.
Соңғы жылдары цифрландыру ауыл шаруашылығындағы негізгі трендтердің біріне айналды. Әсіресе цифрлық шешімдерді енгізген шаруашылықтар өндірістің тиімділігін арттырып, шығындарды азайтуға қол жеткізіп отыр. Зеренді ауданындағы ірі агроқұрылымдардың бірі бұл бағытта сегіз жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Кәсіпорын директоры Денис Швайбовичтің айтуынша, бүгінде өндірістік процестердің шамамен 90 пайызы цифрлық форматқа көшірілген.
«Бүгінде өндірістік процестердің шамамен 90 пайызы цифрландырылған. Бұл егіс науқанынан бастап өнім жинауға дейінгі барлық кезеңдердегі жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Цифрлық технологиялардың арқасында еңбек өнімділігі өсіп, әр гектардан алынатын өнім көлемі орта есеппен 3–4 центнерге артады. Сонымен қатар жанар-жағармайға, тұқымға және басқа да материалдық ресурстарға жұмсалатын шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жауын-шашын мөлшері қолайлы деңгейде қалыптасып отыр, барлық дерлік дақылдар бойынша көктеу байқалады. Сондықтан былтырғы деңгейден төмен емес өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Биыл облыстағы жалпы егіс алқабы 5,6 миллион гектарды құрады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында нарық талабына сай құрылымдық өзгерістер байқалады. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың көлемі 4,5 миллион гектар деңгейінде сақталса, майлы дақылдардың егіс көлемі 715,2 мың гектарға дейін ұлғайтылды.
Мал азықтық дақылдарға 370,7 мың гектар жер бөлінсе, көкөніс дақылдары 10 мың гектардан астам алқапқа егілді.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге де ерекше назар аударылып отыр. Осы мақсатта Аршалы ауданында астықты терең өңдейтін ірі зауыт салуға дайындық басталды. Жоба іске қосылған жағдайда өңірде жоғары қосылған құны бар өнім өндіріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Алғашқы кезеңде кәсіпорында мың адам жұмыспен қамтылса, жоба толық қуатына шыққан кезде бұл көрсеткіш үш мың адамға дейін жетеді деп жоспарлануда.
