Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палатаның есебінен кейін депутат Азат Перуашев Қазақстанның сыртқы қарызы рекордтық деңгейге жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Жыл сайын жаңа қарыздардың 36%-ы бұрын алынған міндеттемелер бойынша ескі қарызды өтеуге жұмсалып келеді, яғни «қарызды жаңа қарызбен жабу» қағидасы жұмыс істейді. 2025 жылы мұндай қайта қаржыландыру көлемі 51%-ға дейін өсті», – деді депутат Азат Перуашев.
Оның айтуынша, Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың соңына қарай Қазақстанның сыртқы қарызы рекордтық көрсеткішке – шамамен 182 млрд АҚШ долларына жеткен.
«Жыл ішінде сыртқы қарыз көлемі 10,4%-ға артты. Бұл – соңғы 17 жылдағы ең жоғары өсім», – деп хабарлады депутат.
Еске сала кетейік, 2024 жылы Қазақстанның сыртқы қарызы 164,7 млрд долларды құраған болатын. Бұл көрсеткіш Еуразиялық экономикалық одақ елдері ішінде ең жоғары деңгей болған.
"Банктер байып жатыр, үкімет пен ұлттық компаниялар триллиондарды қалағанынша жұмсап отыр" - "Ақ жол" депутаты
