Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан және Тарбағатай аудандарында орналасқан Үйдене мен Қандысу су қоймалары апатты жағдайда деп танылды, деп хабарлайды "Адырна" 7-арнаға сілтеп.
Мамандардың мәліметінше, гидротехникалық құрылыстардың тозу деңгейі шамамен 70 пайызға жеткен.
Ақпаратқа сәйкес, аталған нысандарға соңғы 60 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген. Соның салдарынан су қоймалары шектеулі режимде пайдаланылып, тек ішінара ғана сумен толтырылып отыр. Бұл өз кезегінде өңірдегі суармалы жерлер көлемінің қысқаруына әсер еткен. Мамандар төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында су қоймаларының техникалық жай-күйін тұрақты бақылап, ондағы су көлемін қадағалап келеді.
Ең күрделі жағдай Үйдене су қоймасында қалыптасқан. Оның жобалық сыйымдылығы 75 миллион текше метр болғанымен, қазіргі таңда қауіпсіздік талаптарына байланысты тек 46 миллион текше метр су жинауға рұқсат етілген.
Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ермек Қорабаевтың айтуынша, Үйдене су қоймасын қайта жаңғырту жобасы техникалық ескертулерге байланысты бірнеше рет қайта пысықталған. Бұған дейін әзірленген жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан теріс қорытынды алғандықтан, жобалаушы ұйыммен жасалған келісімшарт бұзылған. Қазіргі уақытта құжаттаманы түзету жұмыстарын «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны өз күшімен жүргізіп жатыр.
Билік өкілдерінің мәліметінше, Үйдене су қоймасын қалпына келтірудің түпкілікті жобасын биылғы қазан айына дейін бекіту жоспарланған. Осыдан кейін оны іске асыру үшін бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қаралады. Ал Қандысу су қоймасы бойынша қайта жаңғыртудың егжей-тегжейлі жоспары дайын. Жөндеу жұмыстарын осы жылдың ішінде бастау көзделіп отыр.
Айта кетейік, жергілікті билік бұл екі су қоймасын қайта жаңарту туралы 2024 жылы да мәлімдеген. Ол кезде жөндеу жұмыстарын екі-үш жыл ішінде аяқтау жоспарланғанымен, жоба әлі іске қосылмаған.
Бейбіт Исабаев: облыстағы жергілікті маңызы бар жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі - 95%
