Қазақстанның ірі қалаларындағы жанармай құю бекеттері (ЖҚБ) бензин бағасын көтерді. Соңғы 20 күнде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы Шымкент, Алматы және Астана қалаларында орта есеппен 4 теңгеге өскен, деп хабарлайды “Адырна”.
Қазақстанда сәуір айынан бастап жанармай бағасын көтеруге қойылған мораторий күшін жойды. Алғашында баға айына шамамен 1 теңгеден ғана өссе, маусым айында бензиннің қымбаттауы жеделдей түсті.
Шілде айында да бұл үрдіс жалғасты. «Яндекс Заправки» сервисінің мәліметінше, соңғы 20 күн ішінде ірі жанармай құю бекеттері АИ-92 бензинінің бағасын орта есеппен 4 теңгеге көтерген.
Бағаларын онлайн режимде жариялайтын Астанадағы ірі жанармай құю бекеттері АИ-92 бензинінің құнын орта есеппен 3,6 теңгеге өсірді. Қазір елордада бір литр АИ-92 бензинін 245–247 теңгеге құюға болады.
Ал Алматыдағы жанармай құю бекеттері бензин бағасын орта есеппен 4 теңгеге көтерді. Қазіргі таңда АИ-92 бензинінің бір литрі 249 теңгеден сатылып жатыр.
Шымкенттегі жанармай құю бекеттері соңғы 20 күнде АИ-92 бензинінің бағасын шамамен 4,3 теңгеге өсірді.
Айта кетейік, Шымкентте еліміздегі ең төмен жанармай бағаларының бірі сақталған. Мұнда АИ-92 бензинінің бір литрі шамамен 232–235 теңге тұрады.
«Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінің дерегіне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері маусым айының қорытындысы бойынша АИ-92 бензинінің бағасы ел бойынша орта есеппен 2,8%-ға өсті.
Ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бензин бағасы 15,2%-ға қымбаттаған. Салыстыру үшін, осы кезеңдегі Қазақстандағы жылдық инфляция деңгейі 10,3%-ды құрады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстан бойынша АИ-92 бензинінің орташа бағасы бір литріне 240 теңгені құрайды.
