Франция эвтаназия туралы заңды қабылдады

223
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Altjx7juaPIy2uiEyqxR4FxoR5LPJ1pWayHTyjza.jpg

Франция парламенті эвтаназия туралы заңды қабылдады. Бұл туралы Le Monde басылымы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қабылданған заңға сәйкес, жазылмайтын аурудың соңғы сатысында жатқан, есін білетін кәмелетке толған науқастар өмірін тоқтатуға арналған дәрілік препараттарды қабылдай алады. Бұл дәрілерді дәрігер тағайындайды және ол алдын ала басқа дәрігерлермен кеңесуі тиіс.

Көп жағдайда науқастар препараттарды өздері қабылдайды. Егер олардың денсаулық жағдайы мұны жасауға мүмкіндік бермесе, дәрігер немесе медбике көмек көрсетеді.

Құжатты 291 депутат қолдап дауыс берсе, 241 депутат қарсы шыққан.

Дауыс беру қорытындысынан кейін Франция президенті Эмманюэль Макрон бұл шешімнің 2022 жылы француз халқына берген уәдесінің орындалғанын айтты. Ол заң жобасын талқылауды «сындарлы әрі құрметке негізделген пікірталас» деп бағалап, өмірінің соңғы кезеңіне қатысты қиындықтарға тап болған адамдардың куәліктері құжат мазмұнына әсер еткенін атап өтті.

Заң қоғамда және саяси ортада қызу пікірталас туғызған еді. Солшыл партиялардың көпшілігі мен Макронды қолдаушылар бастаманы жақтаса, оңшыл және әсіре оңшыл күштердің өкілдері қарсы болған. Франция епископтарының конференциясы заңның қабылдануын сынға алып, оны «ел тарихындағы елеулі бетбұрыс» деп атады.

Заң күшіне енгеннен кейін Франция мұндай тәжірибеге рұқсат берілген елдердің қатарына қосылады. Олардың қатарында Бельгия, Нидерланд, Швейцария, Канада және Уругвай бар.

Пікірлер