АҚШ Иранға қатарынан 12 түн соққы жасады

319
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/TuvDSqDCVBZG1PHCt5Zin1uxaZnmlktvX0MAu5cH.jpg

АҚШ Қарулы күштері Иранға қарсы бес сағатқа созылған кезекті әуе соққылары сериясын аяқтады. Бұл – америкалық күштердің Иранға қатарынан 12-түн шабуыл жасауы, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«АҚШ әскері Иранның әскери нысандарына, оның ішінде теңіз инфрақұрылымына, зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының қоймаларына, жағалаудағы барлау бекеттері мен әуе қорғанысы жүйелеріне соққы жасады. Бұл шабуылдар Иранның азаматтық теңізшілер мен коммерциялық кемелерге шабуыл жасау мүмкіндігін одан әрі әлсіретті», – делінген АҚШ Орталық қолбасшылығының хабарламасында.

Осы айда америкалық күштер Иран аумағындағы ондаған әскери нысанға соққы беріп, теңіздегі блокаданы қайта жандандырған.

«Бүгінгі күнге дейін CENTCOM күштері тоғыз коммерциялық кеменің бағытын өзгертіп, бір кемені істен шығарды. Бұл шаралар кемелердің Иран порттарына кіруіне немесе олардан шығуына жол бермеу мақсатында қабылданды», – деп мәлімдеді АҚШ әскери өкілдері.

CENTCOM мәлімдемесінен кейін Иранның ақпарат агенттіктері елдің бірнеше өңірінде жарылыстар мен зымырандық шабуылдар болғанын хабарлады. Хузестан провинциясы билігінің мәліметінше, Ахваз қаласы маңындағы нысандардың бірі зымыран соққысына ұшыраған. Ал Рамшир ауданында шабуыл салдарынан асфальт қоймасы зақымданған.

Хормозган провинциясындағы Сирик қаласының тұрғындары бірнеше жарылыс дыбысын естігенін айтқан. Сондай-ақ атом электр станциясы орналасқан Бушер қаласында екі жарылыс болғаны хабарланды. Tasnim агенттігінің жазуынша, Махшахр портында да жарылыстар тіркелген.

Бұған дейін Иранның әскери қолбасшылығы АҚШ елдің ядролық немесе құпия нысандарына шабуыл жасаған жағдайда, Тегеран америкалық және АҚШ одақтастарының нысандарына соққы беретінін мәлімдеген еді.

Пікірлер