Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы ұйымдастырған «Заң мен тәртіп: Діннің рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Жиынға облыс басшылығы, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, дәстүрлі діни бірлестіктер мен бизнес қауымдастығы қатысты.
Облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекет, қоғам және бизнестің бірлескен жұмысына байланысты екенін айтты. Ол мысал ретінде «Қауіпсіз өңір» жобасының нәтижелерін келтірді. Жоба аясында 12 аула абаттандырылып, 300 бейнебақылау камерасы орнатылды, 17 көше мен алты мектепке кіреберіс жол жарықтандырылды. Соның нәтижесінде қылмыс деңгейі 18 пайызға төмендеген.
Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев қоғамдағы заң үстемдігін нығайтуда дәстүрлі діндердің орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, жастардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыру маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта Оралдағы «YNTYMAQ» конфессияаралық келісім орталығы теологиялық және құқықтық кеңес беріп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Қазір облыста сегіз конфессияны біріктіретін 96 діни бірлестік жұмыс істейді. Оларға 300 мыңнан астам адам қатысады. Бұл әлеует құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық келісімді нығайту және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын насихаттау бағытында пайдаланылмақ.
Дөңгелек үстел қорытындысында дәстүрлі діни бірлестіктердің «Қауіпсіз өңір» жобасына қатысуын кеңейту жөніндегі бастама қолдау тапты.
