Шетелдіктер көшелердің тазалығы мен жинақылығына таңғалып, жоғары баға берді – Президент

93
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/DqiNd8iaU1mGDQzNX98xMuk2e3RMQYmx33o1kYeh.webp

Қазақстан қалаларындағы тазалық, қауіпсіздік және жайлы қоғамдық кеңістіктер шетелдік қонақтардың да назарын аударып отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді көркейту жұмыстары халықаралық имидж үшін емес, ең алдымен азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталуы керегін айтты.

Президент бұл туралы Президент саябағында өткен экологиялық акция барысында мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тазалық, тәртіп пен жайлылық халықтың тұрмыс мәдениеті мен өркениет деңгейін көрсетеді. Сондықтан табиғатты қорғау, өзара құрмет пен белгіленген нормаларды сақтау қоғамның күнделікті өмір салтына айналуы қажет.

«Таза Қазақстан» бастамасының маңызына тоқталған Мемлекет басшысы мұндай жұмыстардың ел азаматтарының патриоттық сезімін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Ресми мәліметке сәйкес, жалпыұлттық жобаға миллиондаған азамат қатысып, ел аумағында абаттандыру және тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді.

Президент шетелдік қонақтардың Қазақстан қалаларының тазалығына назар аударып жүргенін де айтты.

«Жақында Астана мен Алматыға Американың белгілі конгрессмендері келді. Олар көшелердің тазалығы мен жинақылығына таңғалып, қаланы басқару деңгейі мен сапасына жоғары баға берді. Әлеуметтік желілерде ірі қалаларымыздың келбетіне тәнті болған шетелдік қонақтар мен туристердің бейнежазбаларын жиі байқаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы көрікті қоғамдық кеңістіктер, қауіпсіздік пен қолайлылық Қазақстан туралы шетелде оң пікір қалыптастыруы мүмкін екенін атап өтті. Дегенмен негізгі мақсат елдің халықаралық имиджін жақсарту емес, азаматтарға жайлы орта қалыптастыру болуы керегін айтты.

«Біз имидж үшін жұмыс істемей, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуды ойлауымыз керек. Басты мақсат – осы», – деді Президент.

Пікірлер