Әлемдік кітап нарығына жол тапқан Сүндет

187
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Gs4yHGROhCgx3l72viJEfpxPGaVJvqUlsT74Sgp9.jpg

Топты жарып, жетістікке жеткен жастардың еңбегіне қуанатынымыз бар.

Бірі өнерімен, бірі білімімен, енді бірі спорттағы жеңісімен ел абыройын асқақтатып жүр. Әсіресе туған жерден түлеп ұшқан талантты жастардың еңбегі шетелге жетіп, есімі халықаралық деңгейде атала бастағанда, оның қуанышы тіптен бөлек екен. Бір жастың ғана жетістігі емес, ортаның, қазақ жастарының ізденісі мен мүмкіндігінің көрінісі. Осындай қуаныштың бірін бүгінде ақын, жазушы әрі аудармашы Сүндет Сейітовтің шығармашылық жолынан көруге болады. Шымкентте тұратын жас қаламгердің кітаптары мұхит асып, АҚШ, Ұлыбритания, Австралия және әлемнің бірқатар елдеріндегі кітапханалар мен кітап дүкендерінің каталогына еніп отыр.

Сүндет Сейітовтің бұл жетістігі бір күнде келген жоқ. Оның артында бірнеше жылдық ізденіс, өз бетімен үйрену, жүздеген жолданған хат, талай рет тауы шағылу, соған қарамастан тоқтамаған табандылық жатыр. Жас қаламгердің ерекшелігі де осында ма дерсің. Ол әдебиетті тек кітап жазумен шектемеді. Шығарма жазғаннан кейін оны оқырманға жеткізудің жолын да өзі іздейді. Шетелдік баспа жүйесін зерттеп, кітап тарату платформаларын үйреніп, халықаралық кітапханалардың талаптарын зерделеген. Оның әдебиетке келу жолы да осы мінезінен. 2024 жылы Сүндет жаз үйін салып жүріп, роман жазуға кіріскен. Күндіз құрылыс жұмысының басында болса, түнде ноутбук алдында отырған. Үш ай бойы осылай еңбек етіп, «Дрон шоу» романын жазып шыққан. Құрылыс пен шығармашылықты қатар алып жүру оңай емес. Бірақ сол кезеңде жан жарының қолдауы оған үлкен демеу болған. Жазушының өзі де осы уақытты шығармашылық жолындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде бағалайды. Роман аяқталған соң оны ағылшын тіліне аударуға кірісіп, шығармасын Америкада жариялау және америкалық кітапханаларға жеткізу жолдарын өз бетімен іздей бастайды. Осы тұста Сүндеттің шығармашылық жолындағы ең маңызды қасиеті байқалады. Ол мүмкіндік күтпеген. Біреудің демеу болғанын, арнайы бағдарламаға жол ашқанын немесе дайын ұсыныстың келгенін күтпеген. Өз сөзімен айтқанда, оның қолында «идея, табандылық және тынымсыз еңбек» болды. Осы үшеуіне сүйеніп, халықаралық әдеби нарыққа шығудың жолын өзі іздеді. Бұл оңай болған жоқ. Бірнеше уақыт халықаралық баспа ісін зерттеп, кітап тарату платформаларын үйренді. Жүздеген хат жазды. Кейбірінен жауап келмеді, кейбірінен бас тарту алды. Бірақ кездескен кедергі оны тоқтатпады. Керісінше, басқа жол іздеуге итермеледі. Нәтижесінде бүгін Сүндет Сейітовтің үш кітабы АҚШ-тың 31 штатындағы және Washington, D.C. федералдық округіндегі 198 ірі кітапхана мен кітапхана жүйесінің каталогына енген. Бұл кітапхана жүйелерінің құрамына 1,5 мыңнан астам филиал кіреді. Сүндеттің Шымкентте отырып жазылған шығармасы енді Американың әр түкпіріндегі оқырманға қолжетімді. 
Автордың халықаралық әдеби кеңістіктегі жолы АҚШ-пен ғана шектелмейді. Оның «Unforgotten» («Ұмытпас») өлеңдер жинағы Калифорния университеті мен Австралия ұлттық университетінің кітапханалық қорына қабылданған. Ал «Unforgotten» мен «Drone Show» кітаптары Ұлыбританиядағы University of Liverpool және Queen Mary University of London университеттерінің кітапханалық жүйелеріне енгізілген. Бұл оқу орындарының атауының өзі Сүндет шығармашылығының қандай ортаға еніп жатқанын аңғартады. University of Liverpool тарихы сонау 1881 жылдан басталатын, Ұлыбританияның беделді Russell Group университеттерінің негізін қалаушы оқу орындарының бірі. Queen Mary University of London да осы беделді топқа кіретін ірі зерттеу университеттерінің бірі. Қазақ қаламгерінің кітаптары осындай университеттердің электронды каталогтарынан орын алуы жас автор үшін үлкен белес. Ал «Unforgotten» жинағының мазмұнына үңілсек, Сүндет поэзиясының өзегін түсінуге болады. Жинақтағы өлеңдерде естелік, Отан, махаббат, сенім, өмірдің қиындықтары және адам баласының сол қиындықтарға қарсы тұруы секілді тақырыптар қозғалады. Бұл белгілі бір жасқа немесе бір ғана ортаға арналған тақырыптар емес. Сондықтан оның жырларының ағылшын тіліне аударылып, шетелдік оқырманға ұсынылуы да маңызды. Автор туған жерінің, өз қоғамының сезімін жырлай отырып, адамға ортақ құндылықтарды сөз етеді. Ал, «Drone Show» роман. Қолайлы жағдайды күтпей, өмірдің қарбаласында жазды. Күндіз жұмыс істеп, түнде шығарма жазды. Оның қаламгерлік болмысын тек қазіргі шығармаларымен шектеуге болмайды. Сүндет ортағасырлық шағатай тіліндегі мұраларды қазақ тіліне аударумен де айналысады. Бұл бағыт оның шығармашылық әлемінің тағы бір қырын ашады. Бір жағынан, ол қазіргі әдебиетті ағылшын тілі арқылы әлемге танытуға ұмтылса, екінші жағынан, ғасырлар бұрынғы түркілік мұраны қазақ оқырманына жақындатуға күш салып жүр. Яғни оның шығармашылық бағыты өткен мен бүгіннің арасын жалғап тұр.
Аудармаға ден қоюы да кездейсоқ емес. Себебі аударма әдебиеттің шекарасын кеңейтетін құрал. Бір тілде туған шығарма екінші тілге ауысқанда, оның артында сол халықтың тарихы, дүниетанымы, мәдениеті бірге жүреді. Сүндет осы мүмкіндікті өзінің шығармашылығында пайдалануға тырысады. Шағатай мұраларын қазақша сөйлету арқылы ұлттық әдеби жадпен байланысын күшейтсе, өз кітаптарын ағылшын тіліне шығару арқылы қазақ сөзін әлемдік оқырманға жеткізеді. 
Айта кетерлігі, Сүндеттің кітаптары тек кітапханаларда ғана емес, халықаралық кітап саудасы жүйесінде де бар. Еуропада Германияның Thalia, genialokal және Buchhandlung an der Paulskirche, Швецияның Adlibris және Akademibokhandeln, Нидерландының Bol.com, Athenaeum Boekhandel және Libris.nl, Швейцарияның Orell Füssli, Францияның Librairie Galignani, Италияның la Feltrinelli және IBS.it, Данияның Saxo.com секілді кітап дүкендері мен платформалары автор шығармаларын өз каталогтарына қосқан. Азияда оның кітаптары Оңтүстік Кореядағы Kyobo Book Centre және Aladin платформаларында, Жапониядағы Books Kinokuniya Tokyo желісінде ұсынылады. Латын Америкасында Мексиканың Librerías Gandhi және Librería Porrúa кітап дүкендері арқылы, Африка құрлығында Оңтүстік Африканың Exclusive Books желісі арқылы таратылады. Австралияда City of Belmont – Ruth Faulkner Public Library кітапты өз қорына қабылдап, автор есімін Seitov, Sundet ретінде тіркеген. Оқырманға кітапты кітапханадан алып оқу мүмкіндігі де қарастырылған. Бір қарағанда, мұның бәрі жай ғана каталогтағы атаулар сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ әдебиет үшін каталогқа ену, шығарманың белгілі бір елдің мәдени және ақпараттық кеңістігіне ресми түрде кіргенін білдіреді. Кітапханаға түскен кітап ертеңгі оқырманға, зерттеушіге, студентке жолығуы мүмкін. Демек, Шымкентте жазылған шығарманың әлемнің әр түкпіріндегі кітапханалардан табылуы қазақ әдебиетінің халықаралық кеңістіктегі тағы бір кішкентай ізі. 
Сүндет Сейітов 1998 жылы туған. Жас болғанымен, әдебиетке деген көзқарасы ауқымды. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Сонымен бірге АҚШ-та 1912 жылы құрылған The Authors Guild ұйымының мүшесі. Бұл ұйымға әлемге танымал қаламгерлер мүше болған. Сүндет Қазақстаннан және Орталық Азия елдерінен осы ұйымға мүше болған қаламгерлердің бірі. Ол республикалық және халықаралық әдеби байқаулардың лауреаты. Сүндеттің оқиғасынан тағы бір нәрсені байқауға болады. Қазір жастардың арасында «мүмкіндік жоқ» деген түсінік жиі айтылады. Ал оның жолы мүмкіндік әрдайым дайын күйінде келмейтінін көрсетеді. Кейде мүмкіндік өзің іздеген жерде емес, өзің ашқан жолдың ар жағында тұрады. Ол үшін іздену керек, үйрену керек, жазу керек, қайта жазу керек, хат жазу керек, жауап күтуді білу керек, бас тартуды қабылдап, қайта әрекет ету керек. Сүндет дәл осындай жолдан өтіп келеді. Ең бастысы, ол мұнымен тоқтап отырған жоқ. Қазір оның мақсаты кітаптарын әлемнің басқа да кітапханаларына жеткізу. Бұл тұрғыдан алғанда, Сүндеттің шығармашылық жолын бір жас жазушының халықаралық жетістігі деп қана қарау аздық етеді. Сүндеттің шығармашылық жолы енді басталып келеді. Алда жаңа кітаптар, жаңа аудармалар, жаңа оқырмандар бар. Оның бүгінгі жетістігі бір нәрсені анық көрсетеді. Қазақ жастарының талантында шек жоқ. Туған жерден шыққан ой мен өнер, егер оған еңбек пен табандылық қосылса, мұхиттың ар жағындағы оқырманға да жете алады.

Пікірлер