АҚШ президенті өзін сегіз Нобель сыйлығына лайық санайтынын айтты

106
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/nw7J9wU0yHtXf2nyJwZXzPWtS2apxLQlsrwgfNLz.png

Сурет ЖИ көмегімен жасалды

АҚШ президенті Дональд Трамп 2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының оңтүстікафрикалық заңгер Наванетхем (Нави) Пиллэйге берілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі. 

Ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында бейбітшілік орнату жолындағы еңбегі үшін бұл марапатқа өзін лайық санайтынын жазған. Трамптың айтуынша, ол сыйлықтың жаңа иегері туралы және оның қандай еңбегі үшін марапатталғанынан хабарсыз. Ал өзі сегіз соғысты тоқтатқанын айтып, бір емес, сегіз Нобель бейбітшілік сыйлығына лайық екенін жеткізді.

АҚШ президенті соғыстарды реттеуге үлес қостым деген елдер мен тараптарды атап өтті. Олардың қатарында Камбоджа мен Таиланд, Косово мен Сербия, Конго Демократиялық Республикасы мен Руанда, Пәкістан мен Үндістан, Израиль мен Иран, Мысыр мен Эфиопия, Армения мен Әзербайжан, сондай-ақ Израиль мен ХАМАС бар.

Трамп Иранның ядролық қару жасауына жол бермегенін және көптеген адамның өмірін сақтап қалғанын да атап өтті. Сонымен қатар Венесуэладағы саяси жағдайға араласуын, Корей түбегі мен басқа да аймақтардағы қақтығыстардың алдын алуға қосқан үлесін өз жетістіктерінің қатарына қосты.

АҚШ президенті Нобель бейбітшілік сыйлығының өзіне берілмегеніне наразылық білдіріп, Біріккен Ұлттар Ұйымының қақтығыстарды реттеудегі рөлін сынға алды. Оның пікірінше, өзі атқарған жұмыстарға қарамастан, марапаттың басқа адамға берілуі Нобель сыйлығының беделіне нұқсан келтіреді.

Бұған дейін 2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығы адам құқықтарын қорғау және халықаралық құқықты дамыту саласындағы еңбегі үшін оңтүстікафрикалық заңгер Нави Пиллэйге берілгені хабарланған еді. Ол әскери қылмыстар, адамзатқа қарсы қылмыстар мен геноцидке қатысты сот процестеріне қатысқан.

Пікірлер