Моңғолияда Шыңғыс хан дәуіріне дейінгі діндер мен наным-сенімдер талқыланды

140
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/lKwuP1cQvKVTkE5XODUlBsZxflbMeAXVwkX3MnjX.jpg

9 қазанда Ұлан-Батыр қаласында «Шыңғыс хан дәуіріне дейінгі Моңғолиядағы дін мен наным-сенімдер» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті. Бұл туралы «Монцамэ» жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Конференцияның мақсаты – Ұлы Моңғол мемлекеті құрылғанға дейін Моңғолия даласын мекендеген көшпелі халықтардың діни наным-сенімдерінің тарихи дамуын, салт-жоралғылары мен дәстүрлерін, сондай-ақ рухани мәдениетінің ерекшеліктерін жаңа зерттеу нәтижелері негізінде талқылау.

Конференцияға Моңғолия, Қазақстан, Ресей, Қытай, Германия, Үндістан, Түркия және Өзбекстанды қоса алғанда, онға жуық елдің университеті, ғылыми-зерттеу институттары мен ұйымдарының ғалымдары мен зерттеушілері қатысқан. Олар өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынып, ғылыми тәжірибе алмасқан.

Конференцияның ашылуында Моңғолия Ғылым академиясы Тарих және этнология институтының директоры міндетін атқарушы, академик Н. Чулуун сөз сөйледі. Ол өз сөзінде соңғы жылдары Моңғолия мен Еуразияның ежелгі көшпелілердің діні мен наным-сенімдерін зерттеуде археология, дінтану, этнология және антропология салаларындағы жаңа әдістер мен тәсілдер кеңінен қолданыла бастағанын атап өтті. Сонымен қатар жазба деректер мен археологиялық олжаларға қатысты жаңа түсіндірмелер пайда болып жатқанын айтты. Мұның өзі бұрыннан қалыптасқан кейбір тұжырымдарды қайта қарау қажеттігін арттырып отыр.

Тарих, археология, этнология және басқа да ғылым салаларындағы зерттеулердің кеңеюіне байланысты көшпелі халықтардың діні мен наным-сенімдері туралы біліміміз толығып, жаңарып келеді.

Конференцияда Моңғолия аумағында ежелгі заманда өмір сүрген мемлекеттердің діні мен наным-сенімдеріне қатысты түрлі мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, ежелгі көшпелілердің Күн мен Айға табынуы, ғұндар арасындағы тәңірлік наным-сенімдердің дамуы, Мәңгілік Көк Тәңірге табыну, буддизмнің ерте кезеңде таралуы, Жужан қағанатының діні мен наным-сенімдері, Түрік қағанатының діни дәстүрлері, ежелгі ұйғырлардың діні және несториандық мәселелері қарастырылды.

Еуразияның ежелгі көшпелі халықтарының діні, наным-сенімдері мен дүниетанымы олардың қоғамдық құрылымының, мәдениетінің, шаруашылық қызметі мен рухани өмірінің ажырамас бөлігі болған.

Халықаралық ғылыми конференцияны Моңғолия Ғылым академиясының Тарих және этнология институты «Шыңғыс хан» ұлттық музейі, Моңғолия Ғылым және технологиялар университетінің Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі, Моңғолияның Гандантэгчэнлин буддистік орталығы,  сондай-ақ Орталық Азияны зерттеу жөніндегі халықаралық институтпен (IICAS) бірлесіп ұйымдастырған.

Пікірлер