Ормұзда 4 кеме шабуылға ұшырап, контейнерлік кеме суға батты

256
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/74VLJ4axDO4I1JH72g7H53jo7HUYUTLHNaMgV3tK.jpg

Ормұз бұғазында контейнерлік кеме суға батып кетті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі DW-ге сілтеме жасап.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) 14 қазанда жүк кемесі мина жарылысынан кейін өртеніп, суға кеткенін айтты. Ал Ұлыбританияның Vanguard компаниясы сейсенбі күні жасалған шабуылдан кейін контейнерлік кеменің суға батқанын мәлімдеді. Әзірге екі хабарламада бір кеме туралы айтылып отырғаны белгісіз.

ИРСК мәліметінше, 2500-ден астам контейнер тасымалдаған кеме бұғаздан рұқсат етілмеген әрі қауіпті бағытпен өтуге тырысқан. Сол кезде минаға соғылған. Корпус жариялаған бейнежазбада кеменің үстінен көтерілген қара түтін мен суда қалқып жүрген көптеген контейнер көрінеді. Оқиғаның нақты қашан болғаны хабарланбады.

Төрт кемеге шабуыл жасалған

Ұлыбританияның Теңіз сауда операциялары басқармасы (UKMTO) 13 қазан күні кешке танкер мен контейнерлік кемеге шабуыл жасалғанын хабарлаған. Ал 14 қазанда мекеме сейсенбі күні болған тағы екі шабуыл туралы мәлімет таратты. Белгісіз жерден атылған снарядтар екі контейнерлік кемеге аздап зақым келтірген. Соған қарамастан, екі кеме де қозғалысын жалғастырған. Бұл екі оқиғадан зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген.

Vanguard компаниясының дерегінше, барлығы төрт кемеге шабуыл жасалған. Сингапур туымен жүзген GFS Pride контейнерлік кемесі снаряд тигеннен кейін суға батқан. Теңіз қауіпсіздігі саласындағы дереккөздердің мәліметінше, кеме 2824 стандартты контейнерге (TEU) арналған. Пәкістанның теңіз билігі суға батқан кемеден қалған контейнерлердің суда қалқып жүргені туралы ескерту жасады.

Alfonso танкерінің қазіргі орналасқан жері белгісіз. Ал GFS Giselle және Al Saadiyat кемелері қозғалысын жалғастырған.

БҰҰ-ның Халықаралық теңіз ұйымының (IMO) мәліметінше, GFS Pride — 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғалы бері осы аймақта суға батқан екінші сауда кемесі.

Сондай-ақ 14 қазанда Vanguard компаниясы Антигуа мен Барбуда туымен жүзген Cape Dao жүк кемесінің де суға батқанын хабарлады. Компанияның мәліметінше, құтқару операциясы сәтсіз аяқталғаннан кейін кеме су астына кеткен. Оған 23 қыркүйекте снаряд тиген болатын.

Иран үкіметіне жақын дереккөздердің мәліметінше, Тегеран қазір аймақтағы кемелерге шабуыл жасау тактикасын өзгертіп жатыр. Осы арқылы Иран АҚШ президенті Дональд Трампқа қысым көрсетіп, мұнай бағасының жоғары деңгейде сақталуына ықпал етуді көздейді.

Стратегиялық бағытқа бақылау орнату

Ақпан айының соңында АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғалы бері Тегеран стратегиялық әрі экономикалық маңызы зор Ормұз бұғазын бақылауында ұстап отырғанын мәлімдеп келеді. Иран тарапының айтуынша, рұқсатсыз өтуге тырысқан кемелерге жүйелі түрде шабуыл жасалады. Бұған жауап ретінде АҚШ Иран порттарына теңіз блокадасын енгізді.

Соғыс басталғанға дейін әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ тасымалының шамамен бестен бір бөлігі Ормұз бұғазы арқылы өтетін.

Пікірлер