«Журналистикада жақсы сөйлеу жеткіліксіз». АҚШ-тағы Алманов

284
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/W52ZFIblUMHi2LqjG9S2AZUnrI7eZusuBAK9y3f4.jpg

Қазақстандық журналист Талғат Алманов АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Буффало қаласында орналасқан ABC 7 телеарнасының Executive Reporter қызметіне тағайындалды. Бұл лауазым аясында ол жаңалықтар редакциясының жұмысын ұйымдастырып, тілшілер мен продюсерлердің қызметіне жетекшілік етеді.  

«Адырна» тілшісі өзге елде басшылық қызмет атқарып жүрген Талғат Алмановпен сұхбаттасып, оның АҚШ-тағы кәсіби жолы туралы білді.

«ҚАЙТА БАСТАУҒА ТУРА КЕЛДІ»

35 жастағы Талғат Алманов – Алматының тумасы. Нархоз университетінде білім алып, еңбек жолын еліміздегі жетекші телеарналарда бастаған. «Хабар», 24kz және «Еларна» телеарналарында қызмет атқарған ол кейін кәсіби білімін жетілдіру мақсатында АҚШ-қа аттанып, Нью-Йорк университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде ABC7 Buffalo телеарнасында қызмет атқарып, америкалық аудиторияға маңызды ақпарат ұсынып жүр.

Оның АҚШ-қа аттануына кәсіби білімін жетілдіріп, халықаралық тәжірибе жинауға деген ұмтылысы себеп болған.

«Менің АҚШ-қа келуіме ең алдымен журналист маманы ретінде білімімді жетілдіріп, халықаралық тәжірибе жинауға деген құлшынысым себеп болды. Қазақстанда бірнеше жыл жаңалықтар бөлімінде жұмыс істеп, дикторлық қызмет атқардым. Бірақ уақыт өте келе кәсіби тұрғыда жаңа нәрсе үйреніп, әлемдік журналистиканың тәжірибесін көргім келді», – дейді ол.

Журналистің сөзінше, сол кезеңде Қазақстанда халықаралық деңгейде тәжірибе жинаған мамандар көп болмаған. Сондықтан ол әлемдік журналистика өкілдерімен бір ортада жұмыс істеп, олардың тәжірибесін үйренуді көздеген. Осы мақсатының жолында АҚШ-қа барып, Нью-Йорк университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алған.

Алайда Америкаға келгеннен кейін Қазақстанда жинаған тәжірибесі жаңа ортада бірден жұмыс табуға көмектеспеген.

«Қазақстанда жаңалықтар жүргізушісі болғаным бұл елдегі редакциялар үшін шешуші фактор болмады. Сондықтан АҚШ-та мансабымды қайта бастауға тура келді және бастапқы позициялардан жұмыс істеуге дайын болдым»,- дейді Талғат Алманов.

Ол үшін ең үлкен сынақтардың бірі тілдік және кәсіби ортаға бейімделу болған. Талғаттың айтуынша, ағылшын тілінде сөйлей білу жеткіліксіз.

«Журналист ретінде ойлау, сауатты жазу, сұхбат жүргізу, күрделі тақырыптарды түсіндіру және редакцияның жұмыс тәртібін меңгеру қажет. Әсіресе кәсіби жазу дағдысына көп көңіл бөлдім», - дейді ол.

МАТЕРИАЛДЫҢ ҚОҒАМҒА БЕРЕТІН ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Журналист екі елдің редакция жұмысында ұқсастықтар болғанымен, өзіндік ерекшеліктері де бар екенін айтады. Оның сөзінше, америкалық медиада аудиторияның қажеттілігіне, ақпараттың жеделдігіне және материалдың қоғамға беретін құндылығына ерекше назар аударылады.

ABC 7 телеарнасындағы жаңалықтар бөлімі продюсерлер, репортерлер, редакторлар, операторлар және цифрлық платформаларға жауапты мамандардан құралған үлкен команда ретінде жұмыс істейді. Ақпараттың эфирге шығуынан бастап, сайтта, әлеуметтік желілерде және тікелей трансляцияда жариялануына дейінгі барлық процесс өзара байланысты.

«Америкалық редакцияларда аудиторияның қажеттілігіне, ақпараттың жеделдігіне және материалдың қоғамға беретін құндылығына ерекше мән беріледі. Сонымен қатар редакциялық шешімдер нақты кәсіби стандарттарға сүйеніп қабылданады», - дейді ол.

Жаңа қызметінде Талғат Алманов редакциялық процестерді үйлестіріп қана қоймай, маңызды тақырыптар бойынша журналистік материалдар әзірлеуді де жалғастырады.

«Мен үшін ең үлкен жауапкершілік – қандай оқиғаның аудитория үшін маңызды екенін дұрыс анықтау, журналистік материалдардың сапасын сақтау және көрерменге сенімді ақпарат жеткізу. Сонымен бірге әріптестермен бірлесе жұмыс істеп, олардың кәсіби дамуына үлес қосу да маңызды»,- дейді медиамаман.

ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ДЕРЕКТЕР

Талғат Алманов зерттеу журналистикасын жалғастыратынын да айтты. Ол бұл саланы ұзақ уақыт пен жан-жақты ізденісті қажет ететін бағыт деп санайды.

«Зерттеу журналистикасының басты ерекшелігі – табандылық. Себебі зерттеу журналистикасы ұзақ процеске айналуы мүмкін. Оқиғаның сыртқы көрінісімен шектелмей, оның түпкі себебін анықтау маңызды»,- дейді журналист.

Оның сөзінше, АҚШ-та зерттеу журналистикасы ашық деректермен жұмыс істеу, мемлекеттік құжаттар мен есептерді зерделеу, ақпарат іздеу, дереккөздермен байланыс орнату және әртүрлі мәліметтерді салыстыру сияқты бірнеше кезеңнен тұрады.

Мемлекеттік органдардың шешімдері, бюджет қаражатының жұмсалуы, жергілікті биліктің жұмысы мен тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелер зерттеу материалдарының негізгі тақырыптарына айналуы мүмкін.

Журналист мұндай жұмыста бір ғана дереккөзге сүйенуге болмайтынын атап өтті. Ақпарат бірнеше тараптан тексеріліп, құжаттармен расталуы керек.

Алдағы уақытта Талғат Алмановты жергілікті биліктің шешімдері, қоғамдық қаражаттың жұмсалуы, қауіпсіздік, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мәселелер қызықтырады.

«Жергілікті деңгейдегі шешімдердің өзі қарапайым адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Меніңше, зерттеу журналистикасының құндылығы – қоғам назарынан тыс қалып қоюы мүмкін мәселелерді көтеріп, жауапты тараптардың есеп беруіне ықпал етуінде», – дейді ол.

«КӨРЕРМЕН ӨМІРІ МАҢЫЗДЫ»

Қазақстандық журналист АҚШ аудиториясына материал әзірлегенде көрерменнің ақпаратты қалай қабылдайтынын ескеру маңызды екенін айтады. Оның пікірінше, журналист үшін маңызды тақырыптың өзі аудиторияға түсініксіз немесе алыс болуы мүмкін. Сондықтан кез келген оқиғаның көрермен өміріне қандай қатысы бар екенін көрсету қажет.

«Мысалы, күрделі саяси немесе экономикалық шешім туралы айтқанда, оның қарапайым тұрғынның күнделікті өміріне қалай әсер ететінін түсіндіруге тырысамыз. Адамдар үшін мәселенің мәні ғана емес, оның өзіне қандай пайдасы немесе салдары бар екені маңызды», – дейді Талғат Алманов.

Ол мәдени айырмашылықтардың да журналист жұмысына әсер ететінін атап өтті. Әр қоғамның ақпаратты қабылдауы, билік өкілдеріне көзқарасы және журналистен күтетін талабы әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан аудиторияның ерекшелігін түсініп, ақпаратты соған сай жеткізу қажет.

Журналист ағылшын тілінде жұмыс істеуді де үлкен тәжірибе мектебі деп бағалайды. Әсіресе күрделі тақырыптарды қысқа, нақты әрі түсінікті етіп жазу оңай емес.

«Телевизиялық журналистикада әр сөздің салмағы бар. Сондықтан тілдік дағдыны үнемі жетілдіріп отыру қажет. Қазақстандық журналист ретіндегі артықшылығым – екі елдің ақпараттық және мәдени ортасын салыстыра әрі түсіне аламын. Бұл халықаралық тақырыптарды қамтығанда пайдалы», - дейді ол.

Осы орайда журналист алдағы уақытта G20 саммитіне баруды жоспарлап отырғанын да айтты.

«ЖУРНАЛИСТ КҮН САЙЫН ЖАҢА НӘРСЕ ҮЙРЕНУІ ТИІС»

АҚШ-та журналистика саласында мансап құрғысы келетін қазақстандық жастарға Талғат Алманов ең алдымен өз бағытын анықтауға кеңес береді. Өйткені журналистиканың спорт, саясат, зерттеу, жаңалықтар, деректі фильмдер мен мультимедиа сияқты бірнеше бағыты бар.

«Ең алдымен, журналист болғысы келетін жастар өзіне “Мен қандай журналист болғым келеді?” деген сұрақ қоюы керек. Өз бағытыңды ертерек анықтап, сол саланың маманы болуға ұмтылған дұрыс. Екіншіден, үнемі оқып, іздену керек. Меніңше жетістікке жетудің бұдан артық формуласы жоқ. Журналист күн сайын жаңа нәрсе үйренуі тиіс. Әлемде не болып жатқанын біліп қана қоймай, сол оқиғалардың себеп-салдарын түсіне алуы керек. Үшіншіден, ағылшын тілін жетік меңгеруге кеңес берер едім. АҚШ медиасында жұмыс істегісі келетін адам үшін бұл – негізгі талап. Әсіресе жазу дағдысын дамыту маңызды. Себебі журналистикада жақсы сөйлей білу жеткіліксіз, ойыңды сауатты әрі нақты жеткізе білуің керек»,- дейді ол.

«ЕЛІМЕ ҚАЙТҚЫМ КЕЛЕДІ»

Талғат Алманов болашақта Қазақстанға оралуды жоспарлап отырғанын жасырмады. Алайда әзірге АҚШ-тағы кәсіби тәжірибесін жетілдіріп, білікті маман ретінде қалыптасуды басты мақсат санайды.

«Мен еліме қайтқым келеді. Бірақ қазіргі басты мақсатым – АҚШ-тағы кәсіби тәжірибемді одан әрі жетілдіріп, жақсы маман болып оралу. Әсіресе зерттеу және сараптамалық журналистика бағытында жұмысымды дамытқым келеді. Сонымен қатар редакциялық жұмысқа араласып, тәжірибемді арттырғым келеді», - дейді журналист.

Ол Қазақстан медиасымен байланысты да үзгісі келмейді. Керісінше, АҚШ-та жинаған тәжірибесін отандық әріптестерімен бөлісіп, екі ел журналистері арасындағы кәсіби байланысты дамытуға үлес қосуды көздейді.

«Бүгінгі журналист үшін географиялық шекара бұрынғыдай кедергі емес. Маңыздысы – қай жерде жүрсең де, кәсіби деңгейіңді көтеріп, қоғамға пайдалы ақпарат дайындау. Ал Қазақстанмен кәсіби байланысты сақтау – мен үшін жеке әрі кәсіби тұрғыдан маңызды бағыттардың бірі»,- дейді Америкалық телеарнаның қызметкері Талғат Алманов.

Дана Нұрмұханбет

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер