Фото: Қырғызстан президентінің баспасөзі
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдің оңтүстігінде қырғыздар мен өзбектер арасында ұлтаралық қақтығыс туындатуға бағытталған әрекеттер жасалуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Politico-ға сілтеп.
Президент Жапаровтың сөзінше, кейбір саяси күштер алдағы президент сайлауына кедергі келтіру мақсатында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруды талқылап жатыр.
12 қарашада халыққа үндеу жасаған мемлекет басшысы ұлтаралық араздықты қоздыру жоспары туралы ақпарат алғанын айтты. Оның сөзінше, арандатушылар жалған ақпарат таратып, азаматтардың ұлттық намысына тиетін мәлімдемелер жасауы мүмкін.
«Әзірге олар бұл туралы тек сөз қылып жүр. Алайда бұл арандатушылық ниеттердің іс жүзіне асу қаупі бар», – деді Садыр Жапаров.
Президент 1990 және 2010 жылдары Қырғызстанның оңтүстігінде болған, адам өліміне әкелген қайғылы оқиғаларды еске салды. Ол екі халықтың өкілдерін арандатуға ермеуге шақырып, аға буынға жастарға мұндай қақтығыстардың ауыр салдарын түсіндіру қажеттігін айтты.
Сондай-ақ Садыр Жапаров елдегі тұрақтылықты бұзу әрекеттерін «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржолының құрылысына қатысты жағдаймен байланыстырды. Оның пікірінше, кейбір саяси күштер бұл көлік жобасының аяқталуына мүдделі емес.
Мемлекет басшысы биліктің жаппай тәртіпсіздіктердің алдын алуға жеткілікті мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Сонымен қатар азаматтарды күдікті әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырып, ұлтаралық араздықты қоздырғандар заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Айта кетейік, Қырғызстанда кезекті президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарға белгіленген. Қазіргі президент Садыр Жапаров екінші мерзімге түсу үшін Орталық сайлау комиссиясына өзін-өзі ұсыну туралы өтініш берген.
