Қазақ ғылымы мен білімінің қарашаңырағы Ұлттық ғылым академиясы мемлекет қарамағына қайтарылды. Үкіметі тиісті қаулыны қабылдап, Президент мақұлдады, деп хабарлайды премьер-министрдің ресми сайты. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы хабарлады.
Қазақ елінің Президенті еліміздегі ғылым саласының жағдайына қатысты:
- Қазір қоғамда құр атақ үшін ғылыми дәреже алғысы келетіндердің бар екені жасырын емес. Бұл жағымсыз үрдіске айналып барады. Олар, шын мәнінде, ғылыми атаққа ие болғанымен, ғылым жолын жалғастырмайды. Соның кесірінен мемлекеттің қаншама қаражаты босқа кетеді. Бұған біржола тосқауыл қоятын кез келді. Біз ғылымға шынайы берілген азаматтарды ғана қолдауымыз қажет, - деп пікір білдірген еді.
Ендігіде Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналады. ҚР Үкіметі тиісті қаулыны қабылдады.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ қызметіне:
- әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің басым бағыттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу;
- ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауды және басып шығаруды үйлестіру;
- ғылымды дамыту бойынша форсайттық зерттеулерді дайындауды және жүргізуді үйлестіру;
- ғылым саласында атаулы сыйлықтар мен стипендиялар алуға конкурстар өткізу;
- ғылым мен техниканың әртүрлі салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу;
- ғылыми журналдар шығару, халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға қатысу;
- ғылымды танымал етуге қатысу және т.б. кіреді.
ҚР ҰҒА жұмысын қаржыландыру республикалық бюджеттен бөлінген бюджет қаражаты есебінен жүреді.
"Адырна" ұлттық порталы