Тағы да полицияның үстінен шағым. Журналист президентке жүгінді

1476
Adyrna.kz Telegram
Сурет: жеке мұрағат
Сурет: жеке мұрағат

Шымкенттік журналист Марина Низовкина президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа полицияның қысымы туралы мәлімдеме жасап, өзін қауіпсіз сезінбейтінін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Мен белсенді азаматтық ұстанымы бар журналиспін, жол қауіпсіздігі мен Шымкенттегі кептеліс туралы, жүргізушілердің де, полиция қызметкерлерінің де құқық бұзушылықтары туралы көп жазамын. Соңғы кездері журналист ретінде өзімді қауіпсіз сезінбей жүрмін. Біз, қала тұрғындары, Шымкент жолдарында көптеген ретсіздікті, балалар өліміне әкелетін жол-көлік оқиғасын жиі байқаймыз. Бұл туралы үнсіз қалуға болмайды. Бірақ қудалаудың құрбаны болмас үшін жан-жағымызға қарап, сақтықпен жазуға мәжбүрміз»,—деді ол.

БАҚ өкілі қазан айының ортасында патрульдік полиция полкі басшылығының Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына қарсы шағымдары бойынша сот процестеріне қатысқан.

«Іс туралы қорытынды материал жазғым келді, бірақ сол уақытта Шымкент ҚІІБ бастығының бірінші орынбасары Ермахан Әбдрамановтың атынан Департамент басшылығының қорқынышты қысымына ұшырадым. Ол полицияға арыз жазып, мені жала жапты деп айыптады. Маған қатысты әкімшілік хаттама жасалып, ол маған өте кеш жеткізілді. Сотқа дейінгі барлық іс өте тез жүргізілді. Көптеген процедуралық заң бұзушылықтар болды»,—деді
Марина Низовкина .

Журналист соттың хаттаманы заңсыз деп танығанын атап өтті.

«Менің жазбаларымнан ешқандай жала табылмады. Бірақ, соған қарамастан,өзімді қауіпсіз сезінбеймін. Отбасымның қауіпсіздігі үшін де қорқамын. Неліктен учаскелік полиция қызметкері кәмелетке толмаған баламның құжаттарын менен талап етуі керек? Енді менің қызметім де қандай да бір қысым мен қауіпке ұшырайды деп ойлаймын. Жұмыстан кеш қайтуға, көлікті айдауға қорқамын. Құрметті президент, Шымкент полицейлерінің қала тұрғындарына қарсы әрекет етпеуіне, керісінше, барлығымыз бірлесе отырып, қаламыздың қауіпсіз болуына ықпал етуіңізді сұраймын»,—деп толықтырды ол.

Пікірлер