«Радиация үнсіз қырғын жасаған, шертіп тұрмын Чернобыльдің азасын». Атаусыз қалған ардагер

3216
Adyrna.kz Telegram

Бүгін – Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушыларға құрмет көрсету күні. 

Бұл күн Украина Президентінің 2006 жылғы қарашаның 10-ы күнгі қаулысымен бекітілген. Жыл сайын желтоқсанның 14-інде аталып өтеді.

Осыдан 37 жыл бұрын, яғни 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр стансасының төртінші блогі жарылды. Сол жарылыстан кейін бірнеше жыл бойы Кеңес одағы әскери борышын өтеуге тиіс жүз мыңдаған сарбазды апат зардабын жоюға жұмсады. Адамзат тарихындағы ең ірі техногенді апатты жоюға қатысқандардың жанқиярлығы арқасында апат жойылды, ал зардабы қала берді. Сол сарбаздардың арасында көптеген қазақстандықтар да болды. Алайда соларға қаншалықты құрмет көрсетіледі. Ақпарат айдынында бұл туралы сараң айтылады.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                             

Чернобыльдағы атом апатының зардабын жоюға қатысқандардың бірі - Райымбек ауданы Чернобыль апаты ардагерлерінің төрағасы Берік Сыдықовпен “Адырна” тілшісі сұхбаттасты. 

Ардагер Чернобыль апатына әскерге баратыны “үш ұйықтаса да түсіне кірмегенін” айтады.

«Бізді әскер қатарына 1989 жылы шақырды. Сол кезде әскерге баруға 2-3 жыл бұрын дайындалатынбыз. “Отан қорғаймыз” деген үлкен мақсат болатын. Мені әскерге алғанда Чернобыльға түсемін деген мүлде ой болған жоқ. Оған дейін “Ауғанға барасың ба?” деген сұрақтар қоятын. Сол кезде тайсалмай “барамын” дейтінмін. Сөйтіп жүріп, Чернобыль апатына түскенде мен аң-таң болдым. Өйткені, оған Чернобыль туралы оқып-біліп көріп алған едім. Өйткені, біздің ауылдан 1986 жылы Чернобыль жарылғанда 7 ағамызды алып кеткен.

Сөйтіп, 11 ай Чернобыльде әскерде болдым. Апат болған аумақты оқшаулап жауып, бітіріп ең соңғы болып біз шыққанбыз. Бәрімізге подполковник алғысын айтып жіберді, кейін Ресейдің Кемеров қаласында әскер борышымның қалған уақытын өтедім”, - дейді ардагер.

«ӨЛМЕСТІҢ КҮЙІН КЕШІП ЖҮРМІЗ»

Берік Жаңабайұлы Чернобыльға қиған денсаулығын қайта қалпына келтіре алмайтынына қапалы. 

«Чернобыльға шамамен, 32 мыңдай қазақ барған. Осы адамдардың қазір төрт мыңға жуығы қалды. «Денсаулығымызды Чернобыльға беріп кеткенбіз, қазір өлместің күйін кешіп жүрміз»,- дейді Берік. 

 - Әскер қатарында жүргенде Чернобыль зардабынан туындаған ауру болса, тұқым қуалайды десетін. Тіпті, балалы болмай қалуларың мүмкін деген. Қазір бір уайымым осы - балаларымның ауырса оларға ештеңе болмаса деймін, - дейді Чернобыльда болған жауынгер.

 - Райымбек ауданында үй кезегінде тұрғам. Кезегім келгенде статус жоқ дейді. 1989 жылы барғандарға статус берілмейді екен. Сөйтіп, үй де ала алмадым. Айына берілетіні - 16 мың теңге. Ол иә дәріңе, иә басқаға жетпейді. Біз елеусіз қалдық. Шүкір, қазір төрт балам бар. Солардың амандығы үшін жүрмін, - деп күрсінді жарылған атом станциясында болған ардагер.

«ЧЕРНОБЫЛЬ АЗАСЫ»

Әлем тарихындағы алапат апаттың зардабын көрген Берік Сыдықов  Чернобыль атом станциясы зардабын жою кезінде ауруханаға да түскенін айтады. Сол кездегі ахуалы ұмытылмастай болып есінде қалған екен. Ол сол жағдайын баян етіп, “Чернобыль азасы” атты өлең шығарған екен.

Түсінгеннің алып біткен мазасын 

Айтшы мұның кімге қиям жазасын?

Радиация үнсіз қырғын жасаған

Шертіп тұрмын Чернобыльдің азасын. 

 

Жау екем ғой жетпей-тұғын дауым да

Қалай етем, оқ боп борап жауам ба? 

Көрінбейді, қалай қырғын саламын

Менің жауым  - әрбір жұтқан ауам да.

 

Менің жауым - көрінбейді көзіңе,

Менің жауым - құлақ аспас сөзіңе,

Менің жауым - батыр екен байқадым

Аузыңды ашсаң тұра шабады өзіңе.

 

Менің жауым - түршіктіріп бойымды,

Менің жауым - мың бөледі ойымды,

Менің жауым - түбі сені құлатып

Деп жүргендей түбі қылам тойымды.

 

Өліп барам тілсіз жаумен тіресіп,

Дене бойым тіршігеді дір етіп.

Не айдаһар, не арыстан болса да

Жекпе-жекте өлсем жақсы еді күресіп.

 

Дәмі кетпей қара нанның таңдайдан, 

Ызғар өтіп кешсем дағы қан майдан

Күрескенше көрінбейтін жауыммен

Кешіп жүрген жақсы еді ғой қан майдан.

 

Құдіретті тұрғызса да дауылын,

Оқ қып мейлі боратса да жауынын 

Өлсем дағы арманым жоқ еді ғой

Екі қолым жағасында жауымның.

 

Ер боп тусаң Отан қорғау міндетің,

Түсінбестер қанішер деп жүрмесін.

Бейбіт күнде  қанды қырғын тілеген

Мынау қандай есуас деп күлмесін.

 

Сөкпе адамдар, бірақ мені қаралап,

Мен жауыма оқ атпадым даралап

Бірақ маған жауын отын жаудырды

Сау жерім жоқ, кетті бірін-бірін жаралап.

Дана Нұрмұхамет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер