Екі белсенді 15 тәулікке қамалды

1443
Adyrna.kz Telegram
Фото: Алмас Қайсар
Фото: Алмас Қайсар

Дүйсенбі күні кешке Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Тәуелсіздік күні акциясына қатысқаны үшін «Оян, Қазақстан!» қозғалысының белсенділері Бота Шәріпжан мен Равкат Мұхтаровты 15 тәулікке қамауға алды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Vlast.kz сайтына сілтеме жасап.

Сот процесі онлайн режимде өтті. Белсенділердің өздері кінәсін мойындамады. Олардың адвокаты Ғалым Нұрпейісов әкімшілік қамауға алу туралы шешімге шағымданатынын айтты.

«Қазір көріп отырғанымыз - бұл жерде болып жатқан хаостың жалғасы. Бұл Қазақстандағы билік басындағылардың екі жақтылықпен айналысып, Отанға деген мақтаныш пен патриоттық сезімін оятып, белгілі бір атаулы даталарға өз көзқарасын білдіретін адамдардың бүгінгі күні құқық бұзушы ретінде танылғанын аңғартады. Бұл болашаққа қарсы қылмыс», - деді ол.

16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні Oyan, Qazaqstan қозғалысының және тіркелмеген Демократиялық партияның белсенділері Желтоқсан, Жаңаөзен және Қаңтар кезінде қаза болғандардың рухына тағзым ету үшін және өлімге кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп, Алматыдағы Республика алаңына келді.

Алаңға белсенділер Әсем Жәпішева мен Бота Шәріпжан, азаматтық белсенді және Алматы қалалық мәслихатының депутаттығына бұрынғы кандидат Равкат Мұхтаров және тағы басқалар келген. Жәпішеваның қолында Қаңтар оқиғасында қаза тапқан 4 жасар Айкөркем Мелдеханның портреті бар транспарант болды.

Тәуелсіздік монументінің жанында бір сағаттай болғаннан кейін Oyan, Qazaqstan қозғалысының қатысушылары Қантар құрбандарына арналған мемориалға барып, өз транспаранттарын қалдырды. Жол бойы олар Қаңтар кезінде қаза тапқан жеті баланың есімдерін атап өтті.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер